Тәуелсіз елдің таңдауы

Халықтың таңдау жасау құқығын пайдалануы – демократиялық қоғамда қалыптасқан үрдіс. Болашақ үшін іргені бекемдеп, алысқа көз тігетін жұртшылықтың жексенбінің таңы атқаннан өз учаскелеріне ағылуы ертеңге бей-жай қарамайтындықтарын аңғартса керек. «Сыр бойы» газетінің тілшілері  ҚР Президентін сайлау күні Қызылордадағы бірқатар сайлау учаскелеріне барып, саяси науқанның өту барысына қаныққан еді.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қала­сын­дағы №101 мектептегі №263 сай­лау учаскесінде дауыс берді. Мұнда таң ертеден бастап жұрт­шы­лық белсенділік көрсетіп, өз таңдауларын жасады. Сондай-ақ қаладағы №278 орта мектепте №349 және №354 сайлау учаскелері орналасқан. Таңертеңгі сағат 8-де мектеп ауласы сайлаушыларға толы. Дауыс беріп шыққандар мерекелік көңіл-күймен саяси науқанға атсалысты.

№349 учаскелік сайлау комис­сиясының хатшысы Орал Ты­ман­­баеваның айтуынша, учаске ашылған бір сағаттың ішінде тір­келген 2357 сайлаушының шамамен 150-ден астамы келіп үлгерген. Мүм­кіндігі шектеулі 17 адам үйден дауыс берді.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мектептегі учаскеде таңдауын жасады. Жалпы облыс орталығында халықтың ашық әрі демократиялық ойын білдіруіне барлық мүмкіндік берілді. Қалада 113 сайлау учаскесі жұмыс жасады. Қоғамдық көліктер таңғы сағат 5-тен бастап жолаушыларды тегін тасымалдады.

Дауыс берген сайлаушылар қатарынан облыстық медицина орта­­лығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Нуридин Әмитовті әңгімеге тартқан едік.

– Бүгінгі қадамымыз болашақ үшін жасалуда. Сондықтан елдік мұраттарды көздеп, таңдауымызды жасадық. Бастысы – ел іші алауыз­дықтан аман болсын, – деді ол.

Сондай-ақ сайлауға алғаш рет қатысып, дауыс берген Ержан Мұхтар:

– Мен сияқты таңдауын алғаш жасаған қатарластарым үшін бүгінгі күннің маңызы ерек­ше. Алдағы білім алуға, өмір­ден өз орнымызды табуға деген талпынысымызға қолдау біл­діретін, жастардың бас­тамаларына жанашырлықпен қарай­тын кандидатқа даусымды бердім, – деді.

Мектептің екінші қанатындағы №354 сайлау учаскесіне комиссия төрағасы Берік Бекеновтің ай­туынша, 2465 сайлаушы қарайды. Халықтың белсенділігі өте жоғары. Елдің болашағы  әрқайсысының таң­­дауына байланысты екенін түсі­неді.

Екі учаскеде де бақылаушылар сайлаудың өту барысын қада­ға­лап отыр. Біз әңгімелескен «Ұлт тағ­дыры» қоғамдық қоры­­­ның бақы­лаушысы Зәріп Досығұлов, «Аманат» азамат­тық плат­формасының бақы­лау­­шысы Күлпаш Разақова заң бұзу­шы­лықтардың орын алма­ғанын айтты.

***

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-тех­никалық жоғары колледжінде орналасқан №204 сайлау учаскесінде дауыс берушілер қатары қалың болды. Учаске төрағасы Ибадулла Құт­тықожаев та сайлау учаскесі ашылған сәттен бас­тап халық белсенділік таныт­қанын, ешқандай тәртіп бұзу­шылықтың орын алмағанын, дауыс беру ережеге сай жүргізілгенін алға тартты.

– Бүгін күллі ел үшін айтулы күн. Тұрғындардың таңмен таласа келіп жат­қанына қуаныштымын. Әсіресе, сай­лауға алғаш қатысу­шылардың жоғары белсендігі байқалады. Бұдан бөлек, 99 жастағы соғыс және еңбек ардагері Бөрібай Құлманов біздің бөліністен дауыс берді. Ешбір заңсыздық орын алған жоқ. Бақылаушылар да өз міндеттерін атқаруда, – деді Ибадулла Құттықожаев.

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жо­ғары колледжіндегі сайлау учаскесінде де тұрғындар дауыс беріп жатты. Сайлау бюллетенін алғаш болып жәшікке сал­ғандардың қа­тарында Абай Сейітқасымов бар.

– Бұл шешім болашағымызды айқындайды. Әрбіріміздің дауысымыз маңызды. Сондықтан мен Головкиннің жеңісін тамашалағаннан кейін бірден учаскеме келіп, азаматтық парызымды орындадым. Халық таңдауына лайық адам жеңіске жетеді деп ойлаймын, – деді Абай.

***

Қаламыздағы №207 учас­келік сайлау комиссиясы С.Ысқақов атындағы Қызыл­орда құрылыс және бизнес колледжінде орналасқан.

Таңмен таласа келген жұртшылық өзінің таңдаған кандидатына дауыс берді. Немересін жетектеген үлкендер де, жастар да белсенділік танытып,  таңдауларын жасады. Бұл аумаққа қарасты 2542 сайлаушы тіркелген болса, оның басым бөлігі түске дейін дауыс беріп үлгерді.

Дауыс беруге келген сайлаушылар арасынан «Ауған соғысының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймахановты кездестірдік. Пікірін біліп, әңгімеге тартқан едік.

– Бүгін, міне, бір елдің азаматы ретінде өз дауысымызды беруге келдік. Қазір бізге керегі, ең бірінші кезекте елдің тыныштығы. Менің ойымша, халықтың тағдыры – ел басқаратын адамның қолында. Сондықтан ол жерге білікті, өз елін сүйетін патриот, мемлекетімізді одан әрі дамытатын мықты тұлға қажет. Кей елдерде тұрақтылықтың болмауы салдарынан қарапайым халық зардап шегуде. Ашық аспан, бейбіт күнді аңсап жүрген адамдар қаншама? Ал біздер, осы сайлауда өзіміздің бірлігімізді тағы бір дәлелдеп, дүниежүзіне паш етуіміз керек. Әр азаматтың борышы да, бүгінгі міндеті де осы, – деді Қ.Баймаханов.

 Аталған учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Орынбай Қуанышбаевтың айтуынша, бұл жерде тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалған.

– Қала тұрғындары сайлауға біркісідей қа­тысуда. Сайлаушылардың 70 проценті  сағат 16-00-де өз дауыстарын беріп үлгерді. Учаскемізге тіркелген тұрғындар белсенділік танытуда. Барлығы заң аясында өтіп жатыр. Тәуелсіз бақылаушылар да өз міндеттерін орындауда. Бізде өрескел жағдай, не болмаса заң бұзушылық орын алған жоқ, –деді №207 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы.

***

Облыс орталығындағы №264 сайлау учаскесінде 2200-ге жуық сайлаушы тіркелген. Оның 6-ы үйден дауыс беруге өтініш білдірген.

Сайлау учаскесі төрайымы Ұлбосын Маханованың айтуынша, дауыс беру сағат 7.00-де басталатынына қарамастан, тұрғындар таңертеңгі сағат 6.30-дан келе бастаған. Ең бірінші болып Нәби Жолмырзаев есімді қария келіп өз таңдауын жасады. Ал кәмелет жасқа толып, сайлау құқына ие болған Ұлан Аманғалиев есімді жігіттің бұл алғашқы сайлауы екен. Оларға естелік сыйлықтар табыс­талды.

Балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мултьфильмдер құрастырушы жас маман, аудармашы, психолог, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдрахманова да осы сайлау учаскесіне қарайды екен. Ел болашағын айқындайтын науқанда өз таңдауын жасауға келген Сымбатпен тілдесудің де сәті түсті.

– Бүгін еліміз үшін айтулы күн, тарихи оқиға. Өйткені, ел президентін таңдаймыз. Сайлауға келіп өз болашағына таңдау жасау әрбір азаматтың парызы деп білемін. Сол себепті де еліміз үшін, балаларымыздың жарқын болашағы үшін өзімнің таңдауымды жасадым,– деді ол.

Сайлау науқанына облыстағы аудан тұрғындары да белсенділікпен қатысты.


«Сыр бойының»

тілшілер тобы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 маусым 2019 г. 382 0