Балама энергиямен жабдықтау – әлемдік деңгейдегі негізгі мәселеге айналды. Біздің елімізде де бұл бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізіле бастады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында «2050 жылға қарай энергияның кем дегенде жартысын жаңартылған энергия көздерінен алуымыз керек» делінген. Осы орайда Сыр елінде дәстүрлі шараға айналған «Baikonyr Invest» инвестфорумының 2018 жылы желтоқсанда өткізілген кезекті Х форумы негізінен «жасыл экономикаға» арналған болатын.
Осы форум аясында Қызылорда облысында жалпы қуаты 170 мВт болатын 4 күн электр станциясының құрылысын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды. Негізінде Қызылорда облысы күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақта орналасқан, жылына 3000 сағаттан астам күн сәулесі түседі. Сондықтан да бұл бағытта жасалған қадамдардың қай-қайсысы болса да құптауға тұрарлық.
Жоғарыда аталған келісімдер аясында Жалағаш ауданында қуаттылығы 30 мВт болатын күн-электр станциясын салуды франциялық «Total Eren» компаниясы міндетіне алған еді. Аталған мақсатта Жалағаш ауданы аумағынан 164 гектар жер бөлініп, инфрақұрылымдары жүргізілді. Жобаның экологиялық және экономикалық тиімділігіне сараптама жасалып, тұрғындар арасында қоғамдық тыңдау өткізілді.
– Тұрғындар қолдау жасап отыр. Бұл жоба Сыр өңірінің экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді деген үміттеміз. Нәтижесінде өзге аймақтарға бұл жөнінен тәуелділіктен арылып, тариф бағамын реттеуге оң әсерін тигізетініне сеніміміз мол, – дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет.
Бұл күндері бөлінген жер телімін тегістеу жұмыстары жүргізіліп, өзге дайындық шаралары басталып кеткен. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстары алдағы мамыр айында басталып, қазан айының соңына дейін нысан іске қосылатынын мәлімдеуде. Жоба жүзеге асқаннан кейін мұнда 15 адам тұрақты еңбек көзімен қамтылады деп күтіліп отыр.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.