« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ораза айттың алғашқы күні ертелетіп «Бәйтерек» шағын ауданына бардық. Мұнда кеше ғана өз шаңырағының кілтін алған көпбалалы отбасылар қоныстану қамында.
Бүгінгі айт мерекесі Асановтар отбасы үшін ерекше болып тұр. Жылдар бойы арман болған баспанаға ие болу бақыты ораза айт мейрамымен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа балаған отанасы Ізімгүл бұл күнге айрықша әзірлік жасапты.
Бала күнінен есте қалғаны – анасының айт күні дастарханға тәтті қойып, өздеріне бар әдеміні кигізетіні. Көпбалалы ана сол дәстүр ізімен өзі де дайындық қамына кірісіпті. Шаңырақтың отағасы мен үлкендер жағы ертелете жұмысқа кетсе, кішкентайлар тойға дайындалғандай жуынып-таранып, әдемі көйлектерін киіп, сәнденіп жүр.
«Айт құтты болсын!» деп барған біздерді көріп, әдепкіде абдырап қалғанымен, сәлден соң отбасындағы жақсы жаңалығымен бөлісіп, емен-жарқын әңгімесін айтты. «Бір сәби дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген осы болар, көпбалалы отбасы үшін тіршілік тауқыметі артта қалғандай. Отағасы Асан ІІІ топ мүгедегі болса да, нәпақа айыру үшін еңбектен қол үзбеген. «Жұмыс жоқ, денсаулығым жарамайды деп» қарап отыратындар қатарынан емес. Күнделікті нан пұл тауып, барды ұқсатып отырған отбасы. Ал, Ізімгүлдің негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, бірыңғай үй шаруасында. 7 баланың үлкені колледж бітіріп, мамандық иесі атанса, енді бірі биыл мектеп бітіруде. Мереке қарсаңында жаңа қонысқа көшкеніне, әсіресе, балалар мәз. «Біз жаңа үйге көштік!» дейді олар қуанышын жасыра алмай. Үй ішінде асыр салып ойнап, енді бірде анасына қолғабыс жасап зыр жүгірген кішкентайдың бірі – Кәусар биыл мектепке баруға дайындалса, екі жасар Аружан балабақшаға барамын дейді. Бесіктегі Сәпияны кезек-кезек тербеткен бүлдіршіндердің несібесіне биыл атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы да шаңырақтың қуанышын еселей түскендей. Әрдайым шүкіршілік етіп, азға қанағат еткен Ізімгүл ана қуанышын жасыра алмай, тек алғыс айта берді.
– Облыс әкімі шаңырағыма келіп, нан ауыз тиіп, теледидар сыйға тартты. Ел ағаларының қонысыма келуін жақсылыққа баладым. Балаларыма жолын берсе екен деп тіледім,– дейді ол.
Әне-міне дегенше бауырсақ қамыры да дайын болып қалды. Тегене толы қамырдан үзіп алып, жая бастаған ананың жанына кішкентайлар шүпірлей жайғасып, ыстық бауырсақ піскенше тағатсыздануда.
Кім-кімге де отбасымен өз шаңырағында алаңсыз ғұмыр кешкеннен артық қандай бақыт болсын?!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |