« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Осыдан біршама уақыт бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қытай халық республикасының еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесіп, оның Қытайда өтетін «Бір белдеу, бір жол» форумына қатысуға шақыруын зор ризашылықпен қабылдады. Бұл бүгінгі әлемдік саясатта мәні бар шақыру болатын.
Сол жолы Елбасы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық әріптестік форумының жабық есік жағдайында өткен бірнеше отырысына қатысты. Форумда сөз сөйлеп, 40 жыл ішінде Қытайдың әлемдегі екінші экономикаға айналғанын атап көрсетті. Қазақстаннан Қытайға газ және мұнай құбырлары баратынын, бұл екі жаққа тиімді қарым-қатынастың арқауына айналып отырғанын айтты. Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының қытайлық «Бір белдеу, бір жол» сияқты ғасыр жобасымен үйлесімділік тауып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығының өрісі ұлғаюына ықпал жасайтынын атады.
Осы орайда біршама шегініс жасап, бірқатар өзекті мәселелерге талдау жасағымыз келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елордаға табан тіреген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев университетінде арнайы дәріс оқып, Еуразия құрлығында орналасқан мемлекеттер экономикалық қарым-қатынасты дамыту мақсатында әріптестіктің жаңа модельдерін қолдануы қажеттігін, ал оған Ұлы Жібек жолы бойының экономикалық негізін жасау арқылы қол жеткізуге болатынын атап көрсеткен болатын. Мұның тарихи шындығы бар. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын қытай саудагерлері жібек маталарын, былғары мен жүннен жасалған тауарларын, темір, фарфор, сырлы ыдыстары мен шабдалы, өрік, рауғаш, дәршен секілді өнімдерін керуенге тиеп, кіре тартып, Қазақстан жері арқылы Орта және Батыс Азияға, Еуропаға сауда жасайтын. Кері бағытта да өздеріне қажетті дүние-мүлік тиеп, қажеттілігін өтейтін. Сол заманда алтыннан да бағалы саналған жібек маталардың дәл осы бағытта көптеп тасымалдануының өзі бұл жолдың «Жібек жолы» деп аталуына түрткі болғаны белгілі. Бірнеше ғасырдан соң теңіз жолы дамып, кеме салу ісі қарқын алғаннан кейін түйемен керуен тартып, айлап жолда жүру біртіндеп өзектілігін жоя бастады. Қытай мен Батыс арасындағы сауда-саттық Үнді, Атлант мұхиттары арқылы жандана түсті. Ал 1869 жылдың 17 қарашасында Африка құрлығын айналып, бірнеше айлар мұхитта болу уақытын қысқартатын, Еуропа мен Азияны су көлігі арқылы жылдам қосатын, Қара теңіз бен Жерорта теңіздерін жалғастыратын Мысырдағы Суэц каналының ашылуы теңіз жолы саудасының бұдан әрі дами түсуіне жағдай жасады. Қытайдан шыққан жүк ендігі уақытта Еуропаға бірнеше ай емес, небәрі 45 күннің ішінде жететін еді. Алайда, бүгінгідей техника мен технология жетілген заманда 1,5 айдың өзі де тым ұзақ. Сондықтан осыдан бірнеше жыл бұрын, Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнаған Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізді салу идеясына бастамашылық жасады. «Біз барлық оңтүстік облыстарды көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жобаны – «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізді іс жүзіне асыруды қолға алуымыз қажет», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұзындығы 8445 шақырымды құрайтын көлік дәлізінің 2787 шақырымы Қазақстанның Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарын басып өтеді әрі бүгінгі күні толықтай пайдалануға берілген. Ал Ресей тарапы 2233 шақырымдық жолды 2020 жылға дейін бітірмек. Қытай еншісінде 3425 шақырым жол бар. Дәл осы жол теңіз тасымалына қарағанда жолды 3 есеге жуық қысқартады. Яғни, Қытайдан Еуропаға не кері бағытта тасымалданатын жүк дәл осы жол арқылы небәрі 14 күнде діттеген жеріне жетеді. Қытай мен Батыс арасындағы жүк тасымалды жүйелі жолға қойып, алыс-берісін еселей түсудегі Қазақстанның тағы бір басымдығы – темір жол. Бұл бағытта да еліміз қытайлық тараппен нақты жұмыстар жүргізіп те жатыр. Мәселен, бірлесе қабылданған шаралардың нәтижесінде «Үрімші (Қытай) - Қазақстан - Ресей - Латвия - Роттердам (Нидерланды)», «Чанша (Қытай) - Қазақстан - Түркіменстан - Тегеран (Иран)», «Лодзь (Польша) - Ресей - Қазақстан - Чэнду (Қытай)» бағыттары бойынша жаңа контейнерлік пойыздары іске қосылды. Соның арқасында «Қытай - Еуропа - Қытай» бағыты бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдау көлемі 2015 жылдан бастап жыл сайын екі есе қарқынмен өсе түсуде. Қытайдан Еуропаға қарай контейнерлік пойыз 2016 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отыр. Кері қарай бағдарда да транзиттік тасымал көлемі 1,6 есеге артқаны белгілі. Демек, елімізге «Қытай - Еуропа - Қытай» бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау көлемін 2020 жылы 2 миллионға дейін ұлғайтуға және транзиттік тасымалдан түсетін пайданы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік бар деген сөз.
Жалпы, Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда бастамашылық жасаған «Бір белдеу, бір жол» идеясын аз уақыттың ішінде 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымның қолдауы оның өміршеңдігін көрсетсе керек. Бұған қоса, бұл бастама Жібек жолы бойында қоныс тепкен барлық мемлекеттердің ұлттық бағдарламасымен де үндесіп жатыр. Оны 2017 жылдың мамырында «Бір белдеу, бір жол» атты стратегия аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форумның ашылуында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин де атап өткен болатын. «Біз саясатты көрші мемлекеттермен үйлестіретін болдық, олардың қатарында Ресей, Еуропалық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының өзара тәуелділік кешенді жоспары, Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы, Түркияның «Орташа дәліз» бастамасы, Моңғолияның «Даму жолы», вьетнамдық «Екі дәліз және бір шеңбер» бағдарламасы, Британияның «Солтүстік экономикалық орталығы» және тағы басқа елдердің даму бағдарламалары», – деді Си Цзиньпин.
Қытай төрағасы бастамасының Қазақстан үшін де мол экономикалық пайдасы бар екендігін дөп басқан Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің «Нұрлы жол» бағдарламасын «Бір белдеу, бір жолмен» түйіндестіруге пәрмен берген еді. Осылайша қолға алынған жұмыстардың оң нәтижелері де бар.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық процестердің маңыздылығына тоқталып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасының қазіргі жағдайдағы ерекше рөлін атап өтті. «Нұрлы жол» мен Жібек жолы бағдарламаларын бір-бірімен ұштастырудың оң нәтижелеріне назар аударды. Расында да бүгінде Қытай жаңа технологиялар саласында өнім шығаруда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық тиестіріп үлгергендігі ешкімге де жаңалық емес.
Шынында кейінгі 40 жылдың ішіндегі Қытайдың өсу, өркендеу қарқыны өте үлкен. Қазірдің өзінде АҚШ-тан кейінгі екінші экономика болып отыр. Іс жүзінде цифрландыру, компьютерлендіру, жалпы қай жағынан алып қарасаң да алдыңғы қатарлы болып келеді.
Түйіндей айтқанда, Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында қолға алынып, бүгінде жүзеге асырылуы басталып кеткен көптеген жобалар таяу жылдары еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосатын болады.
Ж.ӘЛМАХАН.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |