Бүгін өңірімізде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған балалар мен жастар музыкалық оркестр және ансамблдерінің шеруі өтті. Шеруде 8720 оқушы қатысып, "Достық үйінен" орталық алаңға дейін жүріп өтті.
Шара ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Қызылорда облыстық білім басқармасының, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов қатысып, оқушыларды мерекемен құттықтады.
Шеру "Сыр елі - музыкалық композициясымен" бастау алды. Сондай-ақ, облыстағы мектептердің өнерпаздарымен қатар арнаулы және жоғарғы оқу орындарының студенттері де өз үлестерін қосты.
Бүгінгі шара эстетикалық және патриоттық тәрбие беруде оқушылар мен студенттердің көше-фестивалі шерулерін қолдап, дамытуға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгін әрбір облыс орталықтары, республикалық маңызға ие қалалар мен Елордада бір мезгілде осындай мазмұндағы шаралар өтті. Дабылшылар жасағы, үрмелі аспаптар оркестрі мен ансамбльдер, черлидерлер, хор және би ұжымдары орталық көше, даңғылдар бойымен жүріп өтті. Шерудің дайындығы мен өткізілуіне оқушылар, студенттер, мектеп мұғалімдері, колледж және ЖОО ұстаздар қауымы, ата-аналар және мәдениет, спорт өкілдері белсенді атсалысты.