Жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі аудандар мен облыс орталығындағы бірқатар агроөнеркәсіптік кешендерді және су шаруашылығы нысандарын аралады, сондай-ақ дәстүрлі V малшылар слетіне қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрінің Сыр өңіріне сапары Арал ауданынан басталды. Онда Көкарал бөгеті мен Қараөзек су қоймасының жұмысымен танысып, "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Естеріңізге сала кетейік, Көкарал бөгеті 2005 жылы пайдалануға берілген еді. 2017 жылы арнайы комиссия су жинау құрылғысының оң бөлігіндегі ақауларды анықтаған болатын. Бүгінгі күні бөгетті жөндеудің техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді.
Естеріңізге сала кетейік, бұл мәселе ағымдағы жылы 7 ақпандағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында да көтерілді. Кеңес қорытындысы бойынша Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. 28 мамырда ҚР Үкіметі құжатты бекітті. Аталмыш Кешенді жоспар өңірдің су шаруашылығын дамыту мәселелерін де қамтиды. Оның ішінде жалпы сомасы 14,7 млрд.теңге болатын 15 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, бұл іс-шаралар Көкарал бөгетін сақтауға және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіруге, сондай-ақ "Күміскеткен" және "Қараөзек" су қоймаларын салуға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы министрі Арал ауданында балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорында жылына 6 мың тонна өнім өндіріледі: мұздатылған балық, филе, стейк және т. б. Зауытта 60 адам, ал маусымында 100-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың өнімдері Ресей, Қытай, Өзбекстан, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Голландия, Германия және Данияға экспортталады.
Сонымен қатар, министр Қазалы ауданындағы тәулігіне 30 мың тонна сүт өндіретін "РЗА" АҚ сүт-тауар кешені мен сүт зауытының жұмысымен танысты. Зауыт өнімдері Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында сатылады.
С.Омаров Қармақшы ауданында Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 1980 жылдары Түркі әлеміне ортақ рухани ұстаз Қорқыт Атаның құрметіне мемориалдық кешен салынған. 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жаңадан зиярат ету нысаны салынды. Мемориалдық кешен "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық автомагистралінің бойында орналасқан. 2018 жылдың қараша айында Порт-Луи қаласында (Маврикий Республикасы) ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданған болатын.
Бұдан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрі 1956 жылы салынған Қызылорда су торабына барды. 2022 жылға дейінгі облысты дамытудың Кешенді жоспарында Қызылорда су торабын жөндеу қарастырылған. Соның нәтижесінде оның апаттық мәселесі шешілетін болады. Су торабы бұзылған жағдайда 110 мың гектар суармалы жер мен 250 мың гектар жайылымдық жер және де облыстың 3 ауданы аймағындағы шабындықтарын сумен жабдықтауы бұзылып, Қызылорда қаласы мен 400 мыңнан аса адамдар тұратын 35 елдімекенді су басуы мүмкін.
Шиелі ауданында Сапархан Омаров Жаңақорған және Шиелі аудандарын суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы салынған үрлемелі бөгетті аралап көрді. Естеріңізге сала кетейік, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы үрлемелі бөгеттер құрылысының арқасында өңір оңтүстік аудандарда пайдаланылмайтын 60 мың гектар егістік және жайылымдық жерлерді игеруге мүмкіндік алды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің жұмыс сапары қаржы институттары басшыларының, мал шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдарының және Қазақстанның 6 облысынан келген делегаттар қатысқан дәстүрлі малшылар слетімен қорытындыланды.
Еске салайық, аталмыш слет өңірде 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және аймақтағы мал шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланатын алаңға айналған. Биыл слет республикалық деңгейде өтуде. Слет шеңберінде мамандандырылған көрме мен семинар ұйымдастырылып, онда селекциялық мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері айтылды. Сонымен қатар, дәстүр бойынша слет аясында аграрлық саланың үздік қызметкерлері 11 номинация бойынша марапатталды.
Айта кету керек, соңғы 5 жылда облыста аграрлық салаға тартылған инвестиция көлемі 27 есеге өсті. Ал экспортталатын өнім түрлері соңғы 6 жылда 3-тен 16-ға дейін артып отыр.