Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дәстүрлі V малшылар слеті өтті.
Шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев, қаржы институттары басшылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының аграрлары қатысты.
Слет аясында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдер, ветеринарлық техника және жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, семинар өткізіліп, онда селекциялық мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.
"Бақытжан" ШҚ (мұнда "әулиеата", "ақбас" және "ангус" тұқымды ірі қара мал өсіріледі) репродуктивті шаруашылық алаңында мал шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелері бойынша семинар, бейресми кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты.
Слеттің салтанатты ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіптік кешеніне бағытталған инвестициялар еселеп өсіп жатқанын атап өтті. Мәселен, соңғы 5 жылда аграрлық салаға салынған инвестиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экспортталатын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін артып отыр.
«Мал шаруашылығына тұрақты қолдаулардың арқасында облыста мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған 1993 жылдан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал, сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Елбасы «Аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көрсетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат қойғанын жақсы білесіздер. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында біз облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде, облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамуының «Агрокартасы» әзірленіп, іске асырылуда. «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдарын айқындадық»,-деді аймақ басшысы.
Агро карта аясында мал шаруашылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында шет елдерден асыл тұқымды ірі қара малы жеткізіліп, облыста 8 репродуктивтік шаруашылық ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, аймақ халқын сапалы экологиялық таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету үшін облыста 1200 басқа арналған сүт өндіру кешенінің, мың басқа арналған екі бордақылау алаңдарының құрылыстары жүргізілуде. Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артты.
«Осылайша, облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды деп айтуға болады. Өңірде жылына 25 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын ірі және орта мал бордақылау алаңдары жұмыс жасайды. Облыстың аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Монғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, ірі қара малдарын етке экспорттау басталды. Ет өнімдерінің экпортын ұлғайту үшін биыл жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіретін халықаралық стандартарға сәйкес келетін ет комбинаты іске қосылатын болады. Келешекте ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және жүн, тері өңдейтін өндірістерді дамыту жоспарлануда»,-деді аймақ басшысы.
Барлық салалық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен осындай ауқымды шараға қатысқаныма қуаныштымын. Мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасын кезінде алғашқылардың бірі боп Қызылорда облысының қолдап, жүзеге асырғанын және жақсы нәтиже көрсеткенін ерекше атап өткім келеді", - деді Сапархан Омаров.
Дәстүр бойынша слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызметкерлерін 11 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті: Асыл тұқымды мал өсіретін үздік репродуктор шаруашылық; ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі; үздік сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі; үздік мал өнімдерін өңдеу кәсіпорны; үздік құс шаруашылығы; үздік бақташы; үздік шопан; үздік жылқышы; үздік түйекеш; үздік ветеринар; мал шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан үздік БАҚ өкілі.
Іс-шара концерттік бағдарлама мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстармен жалғасын тапты.