« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылордалықтар кеше адамзат тарихындағы ең қасіретті кезең – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын құрбандарын еске алды. Митингте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бүгінгі бейбіт өмір – ардақты аға ұрпақтың кермек жас жұтқан жылдарының өтеуі, ата тарихтың ащы сабағы екенін еске салды.
Шара халық зиялылары жерленген мемориалды кешенде өтті. Ескерткіш алдына аймақ басшысының тағзым гүлі қойылғаннан кейін ҚМДБ-ның облыстағы өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы солақай саясат құрбандарының рухына құран бағыштады. Жиналған жұрт тоталитарлық биліктің өктемдігі тұсында қасірет шеккен, тағдырлары тар қапаста үзілген Алаш ардақтыларын бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Бүгін – қазақ елі үшін, қазақстандықтар үшін қасіретті де азалы күн. Алтайдан Атырауға дейінгі атырапты алып жатқан кең байтақ жердің иесі болған халқымыздың басынан қаншама қасіретті жылдар өтсе де, дәл осындай ауыр да азаптысы болмаған шығар. 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі төралқасының комиссиясы «қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ, табиғи өлім деңгейінің ұдайы жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 процентінен айырылды» деген қорытынды шығарды. Аштықтан, негізінен, жас балалар мен әйелдер қырылды. Осы себепті қазақтардың өсуі қатты тежелді. Кейін бұл аштық «қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» деген атауға ие болды, – деді аймақ басшысы.
Демограф-ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, облыстың өзінде 4500 адам жазықсыз репрессияға ұшырап, сотталды. Оның 1153-і ату жазасына кесілді. Сталиндік зұлмат тұтас ұлттарды сойқан саясаттың құрбаны етті. Қазақстанға осы кезеңде 1 миллион 210 мың адам жер аударылды. Олардың біразы Сыр бойын паналады.
– Бас қосып, жиын өткізіп тұрған осы төбе – сол кездегі қанды қырғынның куәсі. Осы жерде қаншама ұлт зиялыларының мүрдесі жерленді. Олардың барлығының бойында бір ғана белгі болған: көкжелкеден атылған. Қорқаулар ғана адамның сыртынан оқ атса керек. Ендеше, бұл жер – барлығымыз үшін тағзым етіп, бас иетін киелі орын. Бұл жазықсыз зардап шеккендердің рухына көрсетілген құрмет, жас ұрпақты бейбіт, мамыражай өмірдің қадірін ұғынуға үндейтін тәлім-тәрбие орны болмақ, – деді облыс әкімі.
Митингте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, депортация құрбанының ұрпағы Валерий Пак сөз сөйлеп, көпшілікті ел қайраткерлерінің есімін ұмытпауға әрі ұлықтауға шақырды.
Назерке САНИЯЗОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |