Халықты әлеуметтік қорғау мәселелері облыс дамуының кешенді жоспарында көрініс тапты

Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары шеңберінде әйелдер үшін босанғанға дейінгі және босанғаннан кейінгі демалыстың ұзақтығын арттыру, сондай-ақ, аймақтағы экологиялық апаттарға байланысты аурулардың тізбесін анықтау бойынша зерттеу жүргізу жоспарлануда.

Облыстың Кешенді даму жоспарын жүзеге асыру жөніндегі брифингте облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов хабарлағандай, бүгінгі таңда статистикаға сәйкес өңірдегі жүкті әйелдердің 99% белгілі бір экстрагениталды ауруларға ие. Сонымен қатар, бала туғаннан кейінгі кезеңде өлі туу мен асқынулардың жоғары деңгейі де тұрақты түрде сақталуда.

Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес босануға дейінгі және босанудан кейінгі жүктілік демалысының ұзақтығы қалыпты босанған кезде – 126 күнтізбелік күнді, күрделі босанған кезде 140 күнтізбелік күнді құрайды. Осыған байланысты апат аймағында тұратын жүкті және босанушы әйелдерге арналған демалыс күндерінің ұзақтығын ұлғайту туралы мәселе көтеріліп отыр, бұл жағдай  аналарға  перинаталды патологиясы бар нәрестелерге дұрыс күтім жасауға мүмкіндік туғызады. «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы қабылданған Заңына өзгертулерді енгізетін уақыт келді деп есептейміз.  Арал өңіріндегі экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймағында тұратын әйелдердің босану мен жүктілік ағымының ерекшеліктерін растайтын ғылыми зерттеулер жүргізу қажет", - деп атап өтті Қуанышбек Ысқақов.

Сонымен қатар, Кешенді жоспар шеңберінде Арал өңіріндегі экологиялық апаттарға байланысты аурулардың тізбесін анықтау бойынша зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.

"Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 500 төсектік көпбейінді облыстық аурухана және 5,7 млрд. теңгеге - Қазалы ауданында орталық аудандық емханасы мен Қызылорда қаласында қан орталығы салынады.", - деді Қ.Ысқақов.

Спорт саласында Жосалы, Ақай, Жалағаш, Шиелі, Тасбөгет елдімекендерінде жалпы сомасы 1,8 млрд.теңгеге 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарастырылған.

"Бұл өз кезегінде 2030 жылға қарай орташа өмір сүру ұзақтығын 73,9 жасқа дейін  (2018 жыл- 72,6 жас) жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар нәтижесінде, 2022 жылдың қорытындысымен дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтарды қамту 32 пайызға жетеді»,-деді Қ.Ысқақов

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ. 

28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды, отырыс қорытындысымен құжат бекітілді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 мамыр 2019 г. 367 0