Кешенді жоспар аясында Қызылордада 3000-нан астам пәтер салынады

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жоспарында бірқатар жобаларды іске асыру, оның ішінде тұрғын үй және инженерлік коммуникациялар салу көзделген.
Тұрғын үй құрылысы бойынша Кешенді жоспар аясында 4 жылда 3 510 пәтерлік 208,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Оның ішінде: халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 1 205 пәтер, көп балалы отбасыларға 1 715 пәтер және 590 несиелік тұрғын үй.
"Оның арқасында біз облыс бойынша жыл сайын 800 мың шаршы метр баспана салуға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар, жалпы көлемі 37,9 километр инженерлік желілер салынатын болады. Нәтижесінде, Қызылорда қаласының сол жағалауындағы 630 пәтерге арналған 16 көпқабатты тұрғын үйлер, сонымен қатар облыс аудандарындағы жеке тұрғын үйлерге арналған 744 жер телімдері инженерлік желілермен қамтамасыз етіледі", - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.
28 мамыр күні Үкімет отырысында Қызылорда қаласын дамытудың Бас жоспары да бекітілді.
Естеріңізге сала кетейік, "Қызылорда қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу" жобасына сәйкес 2018 жылы қаланың жалпы аумағы 20 528 гектарға дейін ұлғайды. Қаланың перспективалы шекарасына "Сабалақ" саяжай алабының (839 га), "Бәйтерек" тұрғын алабының (4751 га) аумақтары, сондай-ақ, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы (1338 га) қосымша аумақтар енгізілген. Солтүстік-шығыс бөлігіндегі аумақтар көбінесе жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға, ал батыс бөлігінде (сол жағалау) көп пәтерлі тұрғын үй мен рекреациялық аймақ үшін бөлінеді.  Осылайша, қала аумағына қосымша 6928 га қосылған.
Болжамға сәйкес, 2025 жылы Қызылорда қаласы халқының саны 350 мың адамға жетеді деп күтілуде. Көпқабатты тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында соңғы алты жыл ішінде Қызылорда қаласында 10 жаңа шағын аудан және қаланың қолданыстағы шағын аудандарында 5 тұрғын үй кешендері ашылды, онда - 139 көп қабатты тұрғын үй салынды.
2019 жылдың соңына қарай Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында 2628 пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үй салынып, онда 13,0 мың адамды қоныстандыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының Бас жоспарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы, көше-жол желісі, сондай-ақ Қызылорда қаласының аумағын сәулеттік-жоспарлау жұмыстарына өзгерістер енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ.
28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды, отырыс қорытындысымен құжат бекітілді.



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 мамыр 2019 г. 502 0