14,7 млрд теңгені құрайтын 15 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда

Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарында экология және табиғатты пайдалану саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру көзделген.
Экология және табиғатты пайдалану бөлігінде жалпы құны 14,7 млрд теңгені құрайтын 15 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Солтүстік Аралдағы «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру жобасы.
Сондай-ақ, Қызылорда су торабын кешенді жөндеу қарастырылып, нәтижесінде оның апаттылық мәселесі шешілетін болады. Ол бұзылған жағдайда 110 мың гектар суару жерлері мен 250 мың гектар жайылым жерлері және де облыстың 3 ауданы аймағындағы шабындықтарын сумен жабдықтауы бұзылып, Қызылорда қаласы мен 400 мыңнан аса адамдар тұратын 35 кішігірім елдімекендерді су басу қаупі болады.
Кешенді жоспар аясында "Күміскеткен" және "Қараөзек" су қоймаларының құрылысы қарастырылған.
Сонымен қатар, экологиялық - санитарлық нормаларға сай заманауи тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу, қайта кәдеге жарату мақсатында Арал және Қызылорда қалаларында, сонымен қатар Шиелі, Жалағаш, Жаңақорған аудан орталықтарында полигондар салынады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 ақпанында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үкіметтің бастамасымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік – экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта кешенді жоспар әзірленді, құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Оның 156,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, 50,6 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 12,4 млрд. теңгесі басқа көздерден болмақ.
28 мамыр күні ҚР Үкіметінің отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды, отырыс қорытындысымен құжат бекітілді.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 мамыр 2019 г. 372 0