Қызылордада үш күнге созылған халықаралық «Парасатты поэзия» фестивалі кеше Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында қорытындыланды. Ақындар кешіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Айтулы шара ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына және ақын, сыншы аудармашы Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналды. Асылдың сынықтары – Фариза Оңғарсынованың сіңлісі Алмагүл Оңғарсынова, ұлы Алмас Оңғарсынов, Жарасқан Әбдірашұлының баласы Рүстем Әбдірашев, немересі Әбілқайыр Әбдіраш құрметті қонақтар қатарынан табылды.
Жолы бөлек, жөні ерек кештің Елбасы Алаштың анасына балаған Сыр елінде өткізілуі бекер емес.
– Сөз өнерін сүйеніш етіп, шешендігімен кестелі өлең өрген өнер иелерін Сыр елі ешқашан жатсынбайды. Ақындық өнер – бір жылдың жемісі емес, ғасырды ғасырға жалғайтын өлмес өнеге десек, бүгін, міне, Сыр елінде алты Алаштың ақындары екінші мәрте жүздесті. Жұртының сөзін жүрегімен тербеткен ақындар тілегі Тұран топырағында жыл сайын тоғысатын болады. Бұл бастама Елбасының Рухани жаңғыру идеясы аясында тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түседі, айшықтай береді деп есептейміз, – деді аймақ басшысы.
Былтыр фестивальға қатысқан ақындардың өлеңдері «Ұлы Дала үні» деген атпен жинақ болып, қырғыз тілінде жарық көрді. Кезекті шарада осы және Жарасқан Әбдірашұлының «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.
Поэзия кешінің биылғы ерекшелігі, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Татарстан елдерінен, Қазақстанның әр түкпірінен 30-ға жуық ақын қатысып, географиясы кеңейді. Аудандардан бастау алған шара барысында меймандар Сыр елінің киелі жерлерімен танысып, еңбек адамдарымен жақын жүздесті.
Қорытынды кеште жыр мәйегін жүрегіне жиған шығармашылық иелері өлеңдерін оқып, тыңдарманның көңіл пернесін шертті.
Назерке САНИЯЗОВА.