Сайлау-2019: Кандидаттардың теледебаты басталды

«Хабар» арнасында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасында тікелей эфир арқылы телевизиялық пікірталас басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлау алдындағы телевизиялық пікірталас пен пікірсайысты жүргізу тәртібін көздейтін регламент әзірлеген болатын. Ол регламент бойынша, телепікірталас 3 раундқа бөлінген.
Алғашқы раунд «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары» деп аталады. Оның өзі 2 турды қамтиды. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, екінші турда кандидаттар «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайысқа түседі. Мұнда олар оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, өзі де екі сұраққа жауап беруі керек.
Екінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, екінші турда жүргізушілердің сұрағына жауап беруі тиіс.
Үшінші раундтың тақырыбы - «Сайлаушыларға арнау». Бұл қорытынды раундта қатысушылар экран арқылы сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.
Теледебатқа «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, «Nur Otan»  партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев штабының басшысы Мәулен Әшімбаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаеваның республикалық сайлауалды штабы басшысы Азат Перуашов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбековтің  республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Әли Бектаев, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов қатысып жатыр. 

https://khabar.kz/ru/programma/onlajn-Translyatsiya​​​

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 мамыр 2019 г. 323 0