Бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарын таныстырды. Аталмыш жоспар 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады.
Аталмыш стратегиялық құжат аясында облыстың жол-транспорттық және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған шаралар ұсынылды.
Аймақ басшысы облыс орталығын үздіксіз жылумен қамту мәселесі өзекті екенін атап өтті.
"Қолданыстағы жылу қуаттылығы (ЖЭО) пайдалануға сонау 1964 жылдары берілген, соған сәйкес жабдықтары тозған. Осы себептерге байланысты алдағы уақытта облыс орталығының 700-ге жуық көп қабатты үйлері жылусыз қалуы мүмкін. Сондықтан Қызылорда қаласының Жылу электр орталығы жаңғыртуды қажет етеді", - деп аймақ басшысы Үкімет отырысында атап өтті.
Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытудың құрамында облысты газдандыру мен транспорттық инфрақұрылымын дамыту шаралары да бар.
"Облысты газдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда аймақтағы 7 ауданның ішінде 4 аудан орталығы көгілдір отынмен қамтылды (Арал, Қазалы, Шиелі мен Жаңақорған). Кешенді жоспардың аясында қалған 3 аудан орталығы мен 6 тірек елдімекенді газдандыруды ұсынамыз (Сексеуіл, Жақсықылыш, Төретам, Ақай, Махамбетов, Наурыз)", - деді облыс әкімі.
Транспорттық инфрақұрылымды дамыту аясында 2022 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдардың санын 72%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 63,5% құрағанын атап өткен жөн.
Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды.Олар - өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.