« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Естелік емес, естелік айтатын да кез келер. Ал мына жазбаның жөні бөлек, жөні бөлек болатын себебі: сенің кешегі өткен балалық шағың, өмірге деген құлшынысың, арман-қиялың, керек десеңіз – ауылдың Мона Лиза секілді ару қызына алғаш рет ғашық болғаның және ол сезіміңді айта алмай да жеткізе алмай, пұшайман хал кешкенің тасқа жазылған құсыни хаттай көңірегіңде сайрап тұр. Түртіп қалсаң, арнасы табылған ағыстай, немесе таңғы шықтай жүрегіңді сан алуан сезімге бөлеп, аяғыңды жерге тигізбей, аспан әлеміне «ала жөнеледі». Жә, лирикалық кіріспені осы жерден тұйықтайық.
Теңіз қолтығындағы Бөген ауылы – менің бар шығармашылық әлеуетімнің темірқазығы. Дәм-тұз тартып, талай жердің топырағын бастық, қаланың да, даланың да бір адамдай қызық-шыжығына қанықтық. Сөйтсе-дағы, сол өлкелердің таңдай қақтыратын ғажайыптары Бөген ауылы сыйлаған «өмір мектебінің» қарапайым «сабақтарына» ұқсаған емес. Ұқсамақ түгілі маңайламайды, құбылаға қарап тұрып ағымнан жарылайын, тамыз айындағы жалаңаяқ табаныңнан өтетін Бөген ауылының ақшағыл ыстық құмындай құмды Дубайға барғанда да кезіктіре алмадым. Біздің балалық шағымыз ұлы теңіздің жағалаудан біртіндеп қайта бастаған «өтпелі кезеңімен» тұспа-тұс келді ғой. Жарықтық Аралдың тұзды суының дәмі қандай еді, шомылып жүргенде байқамай жұтып қойсақ та бал татыған секілді сезілетін. Қыстайғы ала-құйын қарлы борасыны, құм суырған желі біздерді қақпайлап, бес күнгі тірлікте кезігетін қиындыққа қалай шыдаудың, қалай төзудің «тар жол, тайғақ кешуін» үнсіз үйреткендей еді ғой. Астанаға қоныс аударған жылдары кейбір әріптестерім Арқаның өңменіңнен өтетін ызғырық желі мен боранына үйренісе алмай, жылы-шуақты Алматысына қайта көшті, тұмса табиғатпен бауыр басып кете алмады. Өздерін айдан түскендей сезінді. Ал менің қылым қисаймады, «теңіз жағалауындағы желге әбден етіміз үйренген ғой» деп түк болмағандай, алшаң басып жүре бердім. Шындығында Аралдың қысына да, төбеңді тесер ыстығына да шыдас беретіндер сирек. Біздер, – «Көнебөгеннің көгенкөздері», он жылдық мектеп бітіргенше қыс демей, жаз демей жеті-сегіз шақырым жерден күн сайын жаяу қатынап оқыдық. Үстіміздегі киіміміз де жұпынылау, балықшыларға берілетін «списопка» – күртеше мен шалбардың етек-жеңін қысқартып, «сән ательесінен» жаңа шыққандай, жұтындырып киіп алатынбыз. Аяқта керзі етік. Бет қаратпайтың қысты күнгі аяз қандай! Қолдың да, құлақтың да үсіген кездері аз болмады. Бірақ соған қарамай, сабақтан қалмас үшін төбе басындағы екі қабатты мектеп-үйіне жетіп жығылатындығымызды айтсаңшы! Бүгін ойласам, бұл неткен өлермендік деп еріксіз бас шайқаймын. Қатарымыздан кем қалмайық деген намыс па, білімге құштарлық па, әлде ұстаздардың алдында желкемізді қасып, үйге берілген тапсырманы білмей, тақта алдында мүләйімсіп тұрмайық деген өжеттілік пе, қалай дегенде де бойымызға сол кезден бастап ұят сезімінің пайда болғандығын сеземін. Біз үнемі бір-екі сабақтан кешігіп келетінбіз. Мұғалімдер ұрыса қоймайтын, ал жылы сыныпта булары бұрқырап отыратын бөгендіктерге қызыға да қызғана да қарайтынбыз. Интернатта жатып оқу біздің маңдайымызға жазылмады, әжелеріміз «бұзылып кетесіңдер» деп ол орынға «жайғасқанымызды» құп көрмеді. Сөйтіп, «итшілеп жүріп» он жылдық бітірдік қой. Сол он жыл бойы жеті шақырымды жаяу-жалпылаған «көнебөгеннің көгенкөздері» түбі «жаман болмағанға» ұқсайды. Толыбай Абылаев, Әділхан Сапаров, Аманбай Әлимағанбетов, Жарылқаған Әлімбетов, Тұрсынбай Қаражанов, Зияда Биқожаева, Базаркүл Смағұлова, т.б. есімдері әркез туған бауырдай жаныңды жылылыққа бөлейді.
Тағы бір кішкене шегініс. Қалам ұстаған адамның қолынан не келеді? Біздің «пешенемізге» жазылғаны осы болды, басқа мамандықты таңдауға мойын жар бермеді. Шүкіршілік жасаймыз іштей. Осы күнге дейін оннан астам прозалық кітаптарым жарық көріпті. Аз ба, көп пе, о жағын таратып айтқым келмейді. Тәубеме келетінім, «қатарыңның алды бол» деп үлкендер бата бергендей, өзіммен үзеңгілес қалам ұстаған құрдастарымның соңында шаң қауып қалғаным жоқ. Жұрттың алдына қара үзіп шығып кеттім деп те айта алмаймын. Жазу азап, азаптың азабы. Бұл мен ашқан жаңалық емес. Ал бас-көзге қарамай төпей беретіндер қай заманда да болған, бола береді де. Сөздің келер жағында айттым ғой, жазған-сызғандарымның бәрі теңіз жағалауындағы балықшы жерлестерімнің тағдырларымен тығыз байланысты деп. Солардың көңіл күйлері, қуанғаны, күйзелгені, жан дүниелеріндегі психологиялық ахуалы. Таусылмайтын тақырыптар, орайын тапсаң, тарқатылып шыға береді. Қалай дегенде де осы тақырып жүрегіме жақын. Көз алдыма теңіз елестеген сәтте, «... мен мына кең дүниеге сыймай кетемін». Біреулер мені «Нұрпейісовтен кейінгі теңіз жыршысы өзіңсің» деп астыма көпшікті қалыңдатып қоятыны бар, бұл бағаның да артық-кем тұстарына жағалаулық жерлестерім төреші. Әрине, тартылған теңізді қалпына келтіру менің қолымнан келмейді және ол шаруадан үміттенбеймін де. Дей тұрғанмен, менің кітаптарымды оқығандар жан-тәнімен құм арасында тірлік кешкен бөгендіктердің тырнақтай болса да қаяу көңілдерін көтеруге септескен екен десе, менің шығармашылығыма берілетін орнықта мақтау сол ғана.
Бөген, Бөген ауылы! Балалық шағымның көзі тірі куәгері! Құм шағылдарында өшірілместей іздерім сайрап жатыр. Екі қабатты Бөген орта мектебінің қоныстанған төбесінің өзі ғажап қой! Бұлт арасынан жылт етіп көрінетін күн секілді алыстан мұндалап көзге бірден шалынады. Уақыт шіркіннің тым ұшқырлығына не берерсің! Мектеп бітіргенімізге табаны күректей елу жыл болыпты. Бір азаматтың өмірі. Ал мектебімізге 100 жыл! Ауыз толтырып айтарлықтай бір ғасыр! Қаншама шәкірт тәрбиелегендігін осы істің басы-қасында жүргендер дерекке сүйеніп дәлелдер. Сірә, сан жетпейтін болар. Мейлі, шет жерде болсын, республикамыздың түкпір-түкпірінде болсын, өздерінің бұйырған несібелерін теріп жеп жүрген жерлестерім құм төбе басына қоныстанған Бөген орта мектебін бәрібір ұмытпайды, естерінен шығармайды. Ұмыту, естен шығару да мүмкін емес. Жұмырбасты пенденің ең қызық, ең тамаша уақыты мектеп қабырғасында өтеді ғой.
Мәселен, кең балақ шалбарымен құм кешіп, қолтығына сынып журналын қыстырып, ыңылдап өлең айтып келе жататын Жалғас Құрманов ағайдың кескін-келбеті сол күйі көз алдымнан тірі суреттей елестейді. Қазақ тілі әдебиетінен сабақ берді. Сабақты жақсы түсіндіретін, тәжірибесі мол еді. Бой-сойы келіскен, оның үстіне ақ көңіл еді ғой жарықтық! Толыбай екеуміздің аудандық «Толқын» газетіне тырнақтай хабар-ошарымыз жарық көрсе де, дәп бір өзі жазғандай балаша қуанып жүретін. Әлі есімде, мектеп бітірерде сынақ тапсырдық. Спорт залда шығарма жаздық. Күн ыстық еді. Біздің Алматыға, КазГУ-дың журналистика факультетіне түсеміз деп талаптанып жүргендігімізді білген соң, шығарманың бұрыс-дұрыстығына қарамастан бірден «5» қойып берді. «Беске» лайықты еместігін ішім сезеді. Алматыға арқаланып баруын барғанмен, жоғары оқу орнына түсе алмадық. Екі жылдық еңбек стажы деген де сәл кедергі келтірді. Ізінен қалмай жүріп, ақыры бір қараға тұяқ іліктірдік-ау. Кейін Жалғас ағайдың сабақтарына Көнебөгеннен жаяу қатынағандықтың салқыны тиді ме, салғырттау қарағанымды сезіп, талай мәрте бармақ тістедім. Садық Жұмағұлов ағайымыз мектеп директорлығына қарамастан, бізге математикадан дәріс берді. Ауданнан тексерушілер келе ме білмеймін, қонақтар келе ме білмеймін, ол кісі сыныпқа кіріп, тапсырма беретін де дереу шығып кететін. Қалған шаруаны өзіміз «ыңғайластыратынбыз». Есептің жауабын кітаптан көшіріп алып, қоңырау қашан болар екен деп тымпиып отыратынбыз. Ол «ұрлықты» да ұмытқаным жоқ, балалық пен шалалық болған шығар, дегенмен, есейгенде еске түскен соң қысыласың кәдімгідей. Мектептің төмен жағындағы еңесте үйі болатын Жұмағали Әлішов ағайымыздың майда дауысы әлі күнге дейін құлақ түбінен күмбірлейді. Химиядан Айнадин Сисекенов ағайымыз сабақ берді. Топырағы торқа болғыр, жүзі пейіште шалқығыр тұлға-бітімі кең пішілген үлкен жүректі азамат еді ғой. Қапи ағайымыз ше?! Тарих пәнінен дәріс берген Әлимұрат ағайымыздың мектеп жанында бүйірін таянып, шіреніп тұратын тұлғасын естен шығару мүмкін бе? Арыстан Әлімбетов таңертең жеті шақырым жерден жаяу келетіндігімізді ескерместен, бізді ертеңгілік дене жаттығуынан қалып қойдыңдар деп әкемізді танытатын. Біздің алғашқы өлең шатпағымызға тұңғыш «редактор» болған адам, ол – иманды болғыр Тастыбай Әбдиев ағамыз.
Алпысқа келгенде ауданның сол кездегі әкімі Нәжмадин Мұсабаев шақырып, «туған жеріңе апарып, топыраққа аунатамыз» деп мені әріптестерімен бірге Бөгенге алып барған-ды. Көнебөгендегі үйіміздің орнын құм басып тастапты, «топыраққа аунатудың» жоралғысын сол жерде жасаған болдық. Бөгендегі клубта кездесу ұйымдастырылды. Сол кездесуде маған берілген оюлы шапанды сахнаға шығарып Тастыбай ағайдың иығына жауып кетіп едім. Ағайымыздың сондағы қуанышын көрсеңіз! Әділхан Әбдікәрімов ағайымыздың да жөні бөлек. Шәкен Нұрекешов, Тілеужан Жәнелов, Ысқақ Есжанов ағайлардың есімдерін қалай ұмытарсың!.. Сабақ берген ұстаз-апайларымыз қаншама?! Елу жыл «өз қалауын алуға шебер», көп жағдайды ұмытып қалсам, бәрінен, баршасынан кешірім сұраймын. Орыс тілінен көрікті, сұлу апайымыз сабақ берді, күйеуі дәрігер болып істейтін. Біздің ауылға көп тұрақтап тұра алмады ғой деймін, кейіннен басқа жаққа көшіп кетті. Айтайын дегенім, сол ұстазымыздың сабағына енжар қарағанымды, орыс тілін шалалау оқығаныма әлі күнге дейін өкінемін. Естеріңізде болса өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Әлдихан Қалдыбаев деген азамат біздің мектепке келіп, тәжірибеден өтті. Кейін үлкен балалар жазушысы болып қалыптасты, Жамбыл облыстық газетінің бас редакторы еді. Бір кездесудің ыңғайы келгенде осы оқиғаны оның есіне түсірдім. Өзі секілді тәжірибеден өтуге келген жас қызбен теңіз жағалауында қыдырып жүретін. Басталған әңгімені өзі білетін штрихтармен жалғастырып әкеткені әлі есте.
Мектебімізге қазақтың Островскийі атанған Зейнолла Шүкіровтің есімі берілді. Табылған шешім. Қайран Зекең-ай, арадағы жас айырмашылығы себеп болды ма, әлде ынжықтығымның әсері ме, мен әйтеуір, сол кісіге жақындап бара алмадым. Өзімнің Бөгеннен шыққандығымды да айта алмадым. Осындайда «ескі сурет» қайта жаңғырады, жан дүниеңді жаңаша әсерге бөлейді. Анда-санда Зекең туған ауылына ат басын бұратын. Ағайын-туғанмен сұхбаттасып, алқа-қотан отырып, сағынышын басып, көңілін бірлеген соң мектептің біздің ауылы жақ бетіндегі құм төбенің басына шығып, батып бара жатқан күннен көз алмай, ұзақ-ұзақ ой құшағына беріліп отыратын еді. Не ойлайтындығын кім білсін, ойын баласы біздер ол кісіге кесірімізді тигізбейік деп, сыртынан қызықтап қана қарап, өз жөнімізбен алданып кете баратынбыз. Ақын-жүректің күндердің күні туғанда арамыздан алшақтап кететінін де сезбеппіз. Кейін Алматыда оқып жүрген тұста бәріміз жақсы білетін белгілі жазушы Молдахмет Қаназов ағамыз Зекеңді балаша қолына қондырып, Қызылордадан Алматыға әкеліп жүрді. Әдеби кештерге қатыстыратын, оқушылармен кездесулер ұйымдастыратын, баспаларға алып баратын. Қонақүйде жатқанда сәлем беріп қана шыққаным бар, ынжықтығымның арқасында өзімді таныстыра алмадым. Өмірде өкінішті жайлар аз ба?!
Бөген орта мектебіне – 100, біздің сол мектепті тәмамдағандығымызға – 50 жыл! Ал мықты болсаңыз уақыт «емтиханынан» сүрінбей өтіңіз. Елу жыл! Елу жылда – ел жаңа. Ана жылы ауылға келген сапарымда мектепке арнайы бас сұққаным бар. Сыныпқа кіріп, өзім отырған партаға отырып та көрдім. Ауыл сол қалпы, ал адамдар өзгеріп кеткен секілді көрінді маған. Ұрпақ алмасқан. Кейінгілердің біразын тани алмадым. Бірге оқығаннан Ысқақты ғана тауып алдым. Мептептің төңірегінде жұмыс істейді екен. Асығыстау болса да үйінен дәм татып шықтық. Қазір жаңа мектеп салынған дейді. Бұйырса, оның құтты табалдырығынан да аттармыз. Облыс басшысы Қырымбек Көшербаев сол жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан-ау деймін. Астанада бір кезіккенімізде «Бөгеннен мептеп бітірген екенсің ғой, суретіңді мектептен көрдім» деп айтып қалды.
Иә, Бөген орта мектебін бітіргенмін. Дұрысы елуден астам оқушы сол мектепті мұнан жарты ғасыр бұрын бітіргенбіз. Тағдыр айдап әркім әр тұста жүрген болар. Бәрінің, баршасының отбасына береке-бірлік, зор денсаушылық, амандық тілеймін! Ұрпақтарын өсіріп, немере-шөберелерінің ортасында шапқылап жүре берсін. Сайлаубай Жолымбетовпен жиі хабарласып тұрамын. Отбасымен араласамын, мектеп қабырғасында жүргеннен тіл табыстық. Елдің жағдайын сол азаматтан сұрап-білемін. Кейбір боранды күндері Көнебөгенге жаяу қатынауды қиынсынып, әрі күннің суықтығын сылтауратын Нәкеңнің, иманды болғыр Нағымет ағаның үйінде қонып қалатынмын. Дүрия жеңгеміздің пісірген тағамдарының дәмі, табадағы нанының бұрқыраған иісі әлі күнге дейін мұрын жарады. Қазір ол кісілер арамызда жоқ, Алла тағала алдарынан жарылқасын. Толыбай менің сырласым, мықты ақын. Ел-жұрт мойындаған ақын. Айыбы, «ауылдағының аузы сасық», бірақ ешкімнен сорлы емес, өлеңдерін бұрқыратын жазып жатыр, кітап боп шығып жатыр. Шығармашылық табыс тілеймін досыма! Әділхан Сапаровтың да дауысын телефоннан жиі естіп тұратын. Домбыра тартады, ән салады, дауыс ырғағы керемет. Көңілді жүреді. Әкесі Қошекең, Қошмағанбет ағамыз сондай кіді, үсті-басын таза ұстайтын кәдірменді ақсақал еді. Арал қаласынан атына көше беріліпті деп естідім. Оң болған, Әділхан досыма құдай қуат бергей!
Біз, Көнебөген бөлімшесінен Бөген орта мектебіне қысы-жазы қатынап оқыған бір қауым оқушылар, сол Көнебөгеннің екі-үш бөлмеден тұратын шағын ғана бастауыш сыныптарында қолымызға алғаш рет қалам ұстатқан, қаріп танытқан Патшайы Назарова, Айша Ермағамбетова, Назігүл Мамырбаева апайларымызға, Бақым Өмірсеріков, Нәжмәдин Ақбиманов ағайларымызға мәңгі қарыздармыз! Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болғай! Алдарынан жарылқасын! Бірғасырлық мектеп тойында осы кісілердің аты-жөндері де үлкен әріптермен жазылып, ел есіне қайта түсуге тиіс әрі міндет! Мен кімдермен бірге оқып, кімдерді мақтан тұтатындығымды айтайын: Қазыбек, екі Толыбай, екі Сайлаубай, Әділхан, Аббаз, Файзулла, Қонысбай, Сақташ, Нұрылла, Әділжан, Шәкит, Амантай, Ибадулла, Жұмабек, Сәбира, Бақытжан, Болпан, Зәру, Ақерке, Күнқияш, Сұлу, Жұмагүл, Гүлмайрам, Алтыншаш, Жаңылдық, Бағиа, Сағындық, Аманбай, Манасбай, Қанағат, Назира, Бағдагүл, Сәбит, Жантуған, Айымкүл, Мәдина, Қымбат, Айдай, Күлмараш, Әмина, Сәуле, Жұмагүл, Гүлмайрам, Жанғали, Анатолий, Құлатай, Сақи, Жұма, Күнқияш, Ғалия, Бақыт, Талайлы, Сағираш, Зина, Күләш, Рабиля, Сәнімкүл, Рафик, Мұрат, Қасқырбай, Жандәулет, Сейтмұрат, Жаңбырбай, Зияда, Байнаш, Ермек... Аты аталмағандардан кешірім сұраймын. Бәрінің бірдей еске түсе бермейтіндігі рас, оған жетпіске жақындаған «жастық» кінәлі.
Елу жыл! Бір адамның ғұмыры! Арамызда жоқтардың аруақтарына бас иіп, тағзым етейік. Бүгін оларды да біздің жанымызда жүр деп сезінейік. Ұрпақтары аман болғай. Өткен ғасырдың алпыс тоғызыншы жылы мектеп бітірген түлектер, бәрімізді Бөген топырағында кездесуге жазсын! Беттеріңнен сүйіп, бәріңді құшағыма қыстым!
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы, халықаралық «Алаш», халықаралық ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері,
Арал ауданының
Құрметті азаматы.
Нұр-Сұлтан қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |