Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған байқау биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылды. Ал 2013 жылдан бері елімізде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» ретінде аталып өтіп келеді.
Аймақ басшысы осы орайда мемлекет тарапынан отбасыларға ерекше қамқорлық пен жүйелі көмек жасалып отырғанын жеткізді. Оның ішінде ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар өлшемі жыл сайын өсе түсуде.
– Нәтижесі де жоқ емес. 2019 жылдың есепті мерзімі бойынша шаңырақ көтерген отбасылар саны 1700-ді құрады. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 15 процентке жоғары. Аймақтағы 35 мыңнан астам көпбалалы ананың 17 мыңнан астамы – батыр аналар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты аналардың 8 мыңдайы – «Алтын алқа», 9 мыңы – «Күміс алқа» иегері, – деген облыс әкімі мерейлі шараға қатысуға ниет білдірушілер саны жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті.
Бес жылда байқауға қатысуға 1500-ден астам отбасы өтініш берген. Биыл 372 отбасы қатысып, бақ сынады. Бұл алғашқы жылмен салыстырғанда 40 процентке көп. Белсенділік жөнінен шиеліліктер озып тұр. Олар үш жыл қатарынан жеңімпаз тұғырынан көрінді. Былтырғы додада осы ауданнан сайысқа түскен Ишанқұловтар отбасы озық шыққан еді.
Осы үрдіс биыл да жалғасын тапты. Шиелілік Қиянбековтер отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал үш орынды шиелілік Байденовтер, жаңақорғандық Қарынбаевтар, қармақшылық Арифовтар отбасы өзара бөлісті. Сонымен қатар, «Өнегелі отбасы» номинациясы шиелілік Әбдіжаппаровтарға, «Зиялы отбасы» номинациясы Қызылорда қаласынан Жаназаровтарға, «Рухты отбасы» номинациясы Арал ауданынан Төрехановтарға, «Ұлағатты отбасы» номинациясы Сырдария ауданынан Есқараевтар әулетіне, «Ынтымақты отбасы» номинациясы Жаңақорған ауданынан Сабырхановтарға және «Парасатты отбасы» сыйы Жалағаш ауданынан Сәменовтерге табыс етілді.
Былтырғы байқау жеңімпаздары – Ишанқұловтар отбасы байқаудың республикалық кезеңінің дипломанты атанған болатын. Шарада Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысына облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.
Жүлдегерлер мен номинация иегерлеріне арнайы сый-сияпаттар табыс етілсе, жеңімпаз отбасы отандық шипажайға жолдама алды.
Арнайы концерттік бағдарлама дәстүрлі шараның маңызын байытып, мәнін аша түсті.
Назерке САНИЯЗОВА.