Қарақұмға бет алған көш

Жалағаштағы Бостай қыстағындағы жылқышы Бақыт Нұрмаханов ағамыздың жары Баян апа өткен жолы кездескенімізде: «Мал-жан аман ба? Бүгін Қарақұмға көшеміз, малшылар тойына келмедің бе?» – деді. Жылқының дүбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы жоқ шығар, сірә! Дереу малшылар ауылына жолға шығып, Бостайдан Қарақұмға бет алған көшті көзбен көрудің сәті түсті.
Негізі, мұнда жылына екі мәрте той болады. Біріншісі – малшылар жайлауға көшкенде, ал екіншісі қырман көтеріліп, қырдағы малдар аман-есен елге келген кезде. Көш басталғанда малшылар жұдырықтай жұмылып, бірі-біріне көмек қолын созатыны белгілі. Сондықтан, малдың жайын білетін азаматтардың бәрі тайлы-тұяғымен сол маңға жиылыпты. Әйелдері қазан-қазан ет асып, малшылардың жол азығын қамдаса, ерлері киіз үй жабдықтары мен көшке ере алмайтын жас төлдерді көлікке тиеп, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйелерді иіріп жүр.
Жазық далаға бет алған жылқының өзі 200-300 басқа жуықтайды. Оған түйе, сиыр және қой-қозыны қосыңыз. Сонда бәрі 500-ге таяп қалады деген сөз. Мұның бәрі атакәсіпті өрге домалатқан Ақсу ауылындағы Нұрмахановтар отбасына тиесілі. Осынау малды аман-есен Қарақұмға жеткізгенше олар жолда 7-8 күн жүріп, жол бойы малдарды жайып барады. Діттеген жерге жеткен соң, олар киіз үй тігіп, ала жаздай сонда паналайды. Онда ет, сүт өнімдерін сақтауға арналған арнайы жертөле де қазылған. Малшылардың айтуынша, ет пен сүтті жертөледе сақтап, айына бір-екі мәрте ауылға жіберіп тұрады.  
– Қарақұмға жеткенше жолда 6-7 рет аялдап, тынығып аламыз. Әр тоқтаған сайын трактордың қос тіркемесіндегі бұзауларды түсіріп, оны қайта тиейміз. Жолға жарамаған малды да көлікке салып аламыз. Бұл бір немесе екі адамның қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан жолға шығарда ауыл азаматтары көмекке келеді. Сиыр, түйе, қойлар жолға сәл ертерек шығып кетеді. Жылқы малы жүргіш, сондықтан оны соңынан айдаймыз. Бұрын отағасы жалғыз өзі күніне екі мәрте мың қойды қауғамен суаратын. Шүкір, қазір балаларымыз өсті. Ұлдар әкесіне көмектесіп, атакәсіпті өркендетуге қолғабыс етсе, қыздардарым мен келіндерім Қарақұмнан жеткен сүт, ет өнімдерін өз тұтынушыларына үлестіріп келеді, – дейді жылқышының жары Баян Нұрмаханова.
Бірлігі мен берекесі артқан Нұрмахановтар әулетіне мұндай дәулет атадан балаға дарыған деседі. Арғы атасы Құдайберген ақсақалға біткен төрт түлік кезінде суға құлағанда көлдің суы ортайып қалады екен. Оның немересі Әбіләкім Ұлы Отан соғысынан аман-есен елге оралған соң, ата кәсіпті жалғап, жылқы, сиыр бақты...
«Атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп» дегендей, жастайынан ат үстінде өсіп, әкесінің қасына ерген Бақыт ағамыз да төрт түлікті түлетіп, қорасын малға толтырды. Ол үшін аттың үстінде жүргеннен артық бақыт жоқ. Өмір бойы өнегелі ісімен үлгі болған ағамыздың жасы 67-ні алқымдаса да әлі күнге дейін асау айғырды өзі бас білдіреді. Тіпті, қызып кетсе көкпар тартатыны да бар. Мұны Бостайға барғанымызда ағамыздың көшіне ілескен жол серігі айтып берді.
– Бақыт аға жастайынан ат үстінде машық¬танып, ат құлағында ойнады. Жас кезінде бәйге, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындары-мызды ойнап, талай мәрте аламан додада өнер көрсеткен. Өзінен кейінгі жастарға жылқы малы – елін, жерін жаудан қорғаған батырлардың астындағы аты ғана емес, сенімді серігі де болғанын жиі айтып отырады, – дейді жылқышы Дастан Керейтбайұлы.
Бір кездері даланы тұман басып, малшылар жолдан адасып қалса керек, жазық далада жол таппай әбден шаршайды. Қыс мезгілі болғандықтан түнге қалу өте қауіпті. Сонда астындағы көк айғырдың үзеңгісін бос қойып, астындағы атына өз бағытымен жүруге мүмкіндік береді. Сөйтіп, тұманды даладан жол тауып, астындағы аты ауылға әкелген екен. Жылқының жанары тас қараңғы түнде де жарты тарыны көре алатын қасиетке ие екенін бұрындары да еститінбіз. Бірақ, мұндай жағдайды нағыз жылқышылардың аузынан естігенде киелі жануардың ерекше жаратылысына тағы бір қайран қалдық.
Бақыт ағамыздың жары Баян Нұрмаханова – Мәдениет ауылының тумасы. Ол да малшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Раушанбек Ноғаев Қызылқұмға мал айдап, жылқы баптап, сиыр баққан кісі. Оқу бітіріп, бой жеткен Баян апамыз ақсулық Бақыт Нұрмахановқа тұрмысқа шығып, өмірге 8 бала әкелді. Бүгінде құт дарып, береке-бірлігі жарасқан бұл отбасы өз ісімен көпке үлгі болып келеді.
Бие құлындап, түйе боталап, қой қозылайтын шақты аман өткеріп, мамырдың 9-ы күні Бақыт ағамыз Қарақұмға жолға шықты. Енді олар жаздың аптап ыстығына қарамастан сол жақта қара күзге дейін мал бағып, төрт түліктің төлін көбейтпек...

Н.ҚАЗБЕКОВ,
Жалағаш ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 мамыр 2019 г. 890 0