Ақбайдың ақ қаздары

Қаз – өзге қанаттыларға қарағанда еті бағалы әрі сұранысқа ие құс. Сондықтан кәсіптің көзі деуге болады. Арал ауданы Ақбай елді мекеніндегі күре жолдың сол жақ бетінде орналасқан Гүлнәр Әлібаеваның «Арал-құс» СПК шаруашылығындағы құс еті бүгінде халық сұранысын тудырған өнімге айналды.
Ақбай ауылының іргесіндегі канал суынан жиналған көлшікте қаздың бір тобы жатыр. Айналаға қарасаңыз, бәрі жайылымдық жер. «Жаздай осы жерден отықтырып, союға дайындаймыз» дейді кәсіпкер. Күн жылыда пішен мен жантаққа бас қойса, қыста жеммен қоректендіріледі екен. Былтыр 2200 бас қазды ет бағытында жөнелтіпті. Сұраушылар да көп. Сөз басында бұның бағалы құс екенін айтқанбыз. Сөзімізге дәлел болсын, қаз етінің келісі 1500 теңгеден. Мал етінің бағасымен бірдей екен-ау дестік. Айтпақшы, дәмін көрген жұрт қаз етін тұздап, сүрлесе, жылқы етінен кем болмайтынын айтады. Бүгінде Гүлнар баптаған құс етін көрші облыстардан алып кетіп жатқандар көп. Қаздың қазынасы тек етпен шектелмейді. Балапаны да пайданың көзі. Биыл шамамен 1500-дей шөжені саудалапты. Сонымен бірге, кәсіп иесі үйрек бағуды да қолға алған. Кәсібін келешек кеңейту үшін бұның да әзірден ілімін алуды жөн көріпті.
Айта кету керек, Аралдағы жалғыз қаз өсіретін шаруашылық осы ғана. Әзірше бәсекелесі жоқ. Дегенмен, өнімді сату үшін жарнама керек. Сондықтан былтыр жәрмеңкелерге қатысып, көрші облыстар мен аудандарға хабар тараттық дейді Гүлнәр Әлібаева.
– Осы жұмысты қолға аламыз деп Алматыдан арнайы келдік. Туған топыраққа келіп, ісімізді дөңгелетейік, өркендеуіне үлесімізді қосайық деген ой болды. Әйтпесе, құсқа қолайлы жер басқа жақтан да табылатын. Төменгі пайызбен 16 миллион теңге несие алдық. Қазір жолдасым, балам үшеуміз осы кәсіптің соңындамыз, – дейді ол.
Қазір құс фермасында «Линда», «Губернатор» тұқымдас қаздарды өсіруде. Алдағы уақытта тауық пен үйректі де көбейтпекші. Ол үшін тағы 10 миллион теңге несие алғысы келеді. Ауылда монша да, шаштараз да, наубайхана да салу ыңғайлы. Осының бәрін біріктіріп, ортақ нысан ашуға да болады.
Кәсіп болғасын шығын мен өзге мәселе бір мүйістен көрініп тұрады. Кейде судың тапшылығы шаруаға кедергі келтірсе, аумақтың қоршалмауы да қиындық тудырады екен. Әйтсе де, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланған кәсіпкердің ісі бізді қуантты.

Ержан ҚОЖАС,
Арал ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 мамыр 2019 г. 890 0