Аймақтағы 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобаның бірі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС. Өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылып, алғашқы сынақ өнімдерін түрлі өндіріс орындарына ұсынған зауыт қазір тампонажды цемент өнімін шығаруды бастады. Жұртшылыққа хабардар етіп жүргеніміздей, зауыт толыққанды жұмыс режиміне көшкен кезде жылына 1 млн тонна цемент өндіруі тиіс. Өнім негізінен атом өнеркәсібі мен газ-мұнай саласына кеңінен қолданылады.
Қазақстан ғана емес, жалпы орта Азиядағы алғашқы тампонажды зауыт – «Данаке корпорациясы» мен Қытай мемлекетінің «Гежуба групп цемент» компаниясы бірлесіп қолға алған ауқымды жоба. Жалпы құны 64 млрд теңге болатын өндіріс орнының бас мердігері «Чайна Триумф Интернэшнл» халықаралық көшбасшы компаниялардың қатарына жатады. Әлемдегі үздік 50 ұлттық кәсіпорын сапында өзіндік орны бар. Зауыт толықтай іске қосылғанда 220 жұмысшы-қызметкер еңбек ететін болады.
– Ал нақты уақытта зауытта 198 адам жұмыс жасап жатса, оның 160-сы қазақстандықтар, ал 38-і қытайлық мамандар. Шетелдік мамандар осындағы жергілікті мамандарды өндіріске дайындап болған соң еліне қайтарылады. Әзірге жаңа жобаға үйрету, тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілуде, –дейді аудан әкімі Ә.Оразбекұлы өз сөзінде.
Шикізат көзі – жергілікті жердегі доломит, әктас және құм жеткілікті мөлшерде әзірленіп, зауыт басты шаруаға тиянақты дайындықпен кірісті. Өндіріс басшыларының сөзіне қарағанда жуық арада мұнда тәулігіне 2,5 мың тонна тампонажды цемент шығарылады. Жыл соңына дейін 500 мың тонна өнім өндіру межелеп отыр.
Аудан әкімдігі екі мемлекет арасындағы уағдаластыққа сай зауыт құрылысы орналасқан өндірісті аймақтан 50 гектар жер бөлген, нақты кезеңде оның 4 гектарына қызметкерлерге арналған жатақхана және басқа да әлеуметтік құрылыстар бой көтерді. Мұнда вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлер тұрақтайтын болады. Ал қалған 46 гектарға тиесілі өндірістік ғимараттар орналастырылды.
Облыс басшылығы мен салалық министрліктің жіті назарындағы өндіріс орнының қуаттылығы зор. Бұл аймақ өндірісіне айтарлықтай серпін беретіні анық.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.