Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Оған аудан әкімдері мен басқарма басшылары онлайн режимде қатысты. Жиында үш мәселе қаралды. Бірінші кезекте су тасқыны кезеңінің аяқталуына байланысты облыс аумағында орналасқан су шаруашылығы нысандары мен гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен қараша-желтоқсан айларында өзен арнасындағы мұз солтүстік аудандардан басталып, Қызылорда қаласының тұсына дейін ұстасқан. Алайда, ауа райының құбылмалы болуына байланысты мұз кептелістері салдарынан Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы және Жалағаш аудандары аумақтарында өзен деңгейі көтеріліп, су жайылу жағдайлары болды. Бірақ жергілікті атқарушы органдар дер кезінде шара қабылдап, су басу қаупінің алдын алған.
– Жалпы су тасқынының алдын алу мақсатында қала және аудандарда қажетті материалдық-техникалық қорлар жасақталып, азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде қызмет атқаруға көшірілді. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 2 тікұшағы, халықты көшіру кезіндегі 79 жинақтау және 99 қабылдау эвакуациялық пункттері дайындыққа келтірілді. Сондай-ақ, мұздың қатуы және оның жүруі кезеңінде қала мен аудан әкімдіктері тарапынан Сырдария өзенінің бойына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Наурыз айында өзен арнасы мұздан толықтай тазарып, облыс аумағында су тасқыны кезеңі шығынсыз аяқталды, – деді А.Шәменов.
Айта кетейік, бүгінде арнайы жұмысшы топ алдағы су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында Сырдария өзені арнасы мен көктемгі сең жүру кезінде зақымдалған қорғаныс бөгеттеріне және су шаруашылығы нысандарының жай-күйіне алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу барысында, облыс бойынша қалпына келтіруді қажет ететін барлығы 19 учаске анықталды. Оның 18-і қорғаныс бөгеті, 1-і өзен арнасының сол жағасын қайырланған құмнан аршу, тазалау жұмысы болып отыр.
Жуырда Шіркейлі каналының бөгеті бұзылып, су жайылу жағдайы орын алды. Бұған байланысты «Қазсушар» РМК өңірлік филиалының директоры Болат Арыстанбаев қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Бұл ретте аймақ басшысы мұндай жағдайдың қайталанбауы тиіс екендігін, әкімдерге магистральды жолдың бойындағы каналдардың барлығын тексеріп, кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ, қараша айына дейін зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған қауіпті учаскелерге қаржы қарастыруды, алдағы су тасқынына қарсы дайындық шараларын жүргізу үшін материалдық-техникаларды қайта толықтыру мәселесін шешуді жүктеді. Ал, Б. Арыстанбаевқа «Қазсушар» РМК облыстық филиалының теңгеріміне кіретін нысандарға зерттеу және жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырса, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменовке су тасқыны кезінде бұзылып, шұғыл түрде қалпына келтіруді қажет ететін барлық бөгеттерге жұмыс жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, бюджеттік комиссияға ұсыныс беруді міндеттеді.
Басқосуда екінші мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов сөз алып, 2018-2020 жылдары елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру және дала, орман өрттерін болдырмау бағытында атқарылған жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар, жазғы кезеңде облыстың су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын да тілге тиек етті. Жиын барысында аталған мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Әбдуалиев пен аудан әкімдері елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да мәлімдеме жасады.
Жыл басынан бері облыс бойынша 1 орман өрті оқиғасы орын алған. Дала өрттері тіркелмеген. Ал, суға түсу маусымы басталмай жатып облыс аумағындағы су айдындарында 5 адам қаза болды, оның ішінде 2-і бала екен.
– Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында судағы адам қазасы өзекті мәселе болып отыр. Негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу. Мәселен, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген жерлеріне суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп түсу, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы мен суға түсуі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда. Оған қоса, суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы мен алғашқы көмек көрсету тәсілдерін білмейтіндігі де су айдындарында келеңсіз жағдайлар санының көбеюіне ықпал етуде, – деді Омар Бержанов.
Мұндай оқиғалардың жиі орын алуына өңірдегі демалыс орындарының талапқа сай келмейтіндігі де өз әсерін тигізуде. Бүгінгі күні облыс бойынша 3 жағажай тіркелген. Бір жағажай Шиелі кентінде болса, қалған екеуі Қызылорда қаласының аумағындағы Арай шағын ауданы мен Белкөл кентінің маңында орналасқан. Аталған демалыс орындарына көбінесе маңайында тұратын халық қана барады. Ал, тұрғындар шомылатын Қызылорда қаласында Көксу, ПМК-29, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекеніндегі Қамбаш көлі, Шиелі ауданы, Бәйгеқұм елді мекеніндегі Ханқожа көлдері талапқа сәйкес емес. Тіпті, жағажай ретінде тіркелмеген. Бірақ бұл демалыс орындарына келіп демалатындар саны жылдан жылға өсіп отыр.
Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі жиын соңында аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тағы да бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Олардың қатарында ауылдық округтерде құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың құралдармен қамтамасыз етілуі, жабайы түрде жұмыс жасап келе жатқан жағажайларға кәсіпкерлерді тарта отырып, талапқа сай етіп, заңдастыру жұмыстарын қолға алу, оған қоса жергілікті полицейлермен бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізу және оқушылар мен студенттер арасында түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру бар.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.