Соңғы жылдары облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың республикалық, халықаралық олимпиада және ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарымен, дарынды жеткіншектермен кездесуі дәстүрге айналды. Кездесу барысында білімге ұмтылған, инновацияға бейім шәкірттер өздерінің жетістігі, таңдайтын мамандықтары туралы ой бөлісіп, аймақ басшысының ақыл-кеңестерін тыңдайды.
Кеше облыс әкімдігінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыс әкімімен кезекті кездесуде бас қосып, қорытындыланғалы тұрған оқу жылында жеткен жетістіктерін ортаға салды. Өткен оқу жылында дарынды оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарына 55 оқушы қатысып, 58 жүлделі орын, атап айтқанда, 15 алтын, 13 күміс, 30 қола медаль иеленді.
Бүгінде сырбойылық түлектер Ресейдің, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуда. Ендігі мақсат – шәкірттерді атақты «Лига плюща» құрамына кіретін университеттерде оқыту. Өйткені өзгермелі уақыттың, жаңа трендтердің ағысына ілесу үшін осындай асқақ армандарға ұмтылу керек.
Өңір жастарына халықаралық рейтингісі жоғары Гарвард, Йель, Принстон, Колумбия университеттеріне оқуға түсуіне мүмкіндік беретін екі бағыт бар. Біріншісі – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Garden School» жеке мектебі арқылы оқыту. Екіншісі – Назарбаев зияткерлік мектебі арқылы дайындау. 2016 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында оқушыларды шет мемлекеттегі іргелі университтерге түсуге дайындайтын арнайы орталық жұмыс жасайды. Биыл Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасынан осы орталықтың филиалын ашу жоспарлануда.
Кәсіпкерлік, дизайн, коммуникация сияқты салаларда жаңа технологияларды енгізуге талапты жастарға Ресейдің «Кванториум», «Сириус» секілді ірі орталықтардың тәжірибесін меңгерту маңызды. Облыста оқу процесіне STEM-элементтері, робототехника, ғылыми инновациялар мен математикакалық модельдеу бойынша білім беретін 46 инновациялық мектеп бар.
Кездесуде дарынды оқушылар Ә.Наушабай, Ж.Кәрібоз, Е.Жақсылық сөз сөйлеп, алдағы жоспарлары туралы айтты. Жиын соңында қатысушыларға «Сыр дарыны» медалі табысталды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.