Әлеуметтік баспана – өзгеге үлгі бастама

Сыр өңірінде бір мезгілде жүздеген отбасы қоныс тойын тойлайтын күн алыс емес. Аймақ басшысының бастамасымен көпбалалы отбасылардың баспанаға мұқтаждық мәселесін шешу үшін «Баламекен» жобасы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорымен бірге 150 отбасыға баспана салып беру қолға алынған болатын. Оның 50-і жергілікті бюджеттен, 100-і аталған қор қаражаты есебінен. Үкімет көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту бағытындағы аймақ басшылығының бұл бастамасын өзге өңірлерге тәжірибе ретінде пайдалануды ұсынды.

Көктем шығысымен құрылысы басталған үйлердің жайын көзбен көрмек үшін құрылыс алаңына бардық.

«Бәйтерек» шағын ауданын­да құрылыс қарқыны қызу. Қаз-қатар тізілген бірдей үйлер алыстан мен мұндалайды. Айнала­сында қыбыр-жыбыр тіршілік. Құры­лыс­шылардың мойын бұруға шамасы жоқ. Себебі, белгіленген мерзімде құрылыс аяқталып, үй пайдалануға берілуі тиіс. Мұндағы үйлердің біразы бой көтеріп, ішкі жұмыстарына кіріссе, енді біршама үйлердің шатыры шегеленуде. Кір­піші қаланып жатқан үйлер де бар. Төбесі шатырланып, сырты боялған үйдің ішін аралап көрдік. Шағын ғана төрт бөлмелі үйдің ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, су, жылу, жарық желілері жүргізіліп, ішкі әрлеу жұмыстарына бояушы-сырлаушылар білек түре кіріскен. Әне-міне деген­ше бұл үйлер дайын болып та қалады.

Құрылысы қызған бірінші көшеге бұрылып, жөн сұрастық. Үй құрылысын «Авангард» ЖШС жүргізіп жатыр екен. Сәуірдің 9-нда өру жұмысын бастап кетіпті. Бүгінде үйдің шатыры қағылуда. «Әрбір құрылыс компаниясына үш үйден бөліп берді. Біз де өзімізге жүктелген міндетті орындап, үш үйдің құрылысын жүргізудеміз. Құрылыс алаңында 20 адам еңбек етуде. Осы айдың аяғында толық аяқталады деп жоспарланған, – дейді бригадир Серік Жаппасбаев.

Келесі көшедегі үй құрылысын жүргізіп жатқандар – «Астана сервис» ЖШС. Мұнда 70 адам жұмыс істеуде. «Біз де өзімізге бекітілген үш үйді салудамыз. Қазір үйлерді шатырлау жұмыстары жүргізілуде. Төрт бөлмелі шағын да әдемі үй болады. Сапасында мін жоқ. Арнайы комиссия құрылыс сапасын қайта-қайта тексеріп тұр. Әрбір компания өзі салған үйдің сапасына үш жыл бойы жауап береді. Құрылыс жұмысы тиянақты жүруде. Барлығы да құрылыс саласының шеберлері,–дейді шебер Болатбек Жұмабеков.

Сыр өңіріне белгілі «Абу-Сер» ЖШС мекемесі де қарқынды құрылысқа өз үлесін қосуда.  Бұл мекеме 4 үйдің құрылысын жүргізуде. Құрылыс бригадасының шебері Медеу Елемесов құрылыс басында 25 адам еңбек етіп жатқанын айтты.

Бір қуантарлығы, құрылыс­шылардың барлығы да жұмысқа бар ынтасымен кіріскен. Қасиетті айда мұқтаж отбасылар үшін қайы­рымдылықпен салынып жатқан үй құрылысына өз еңбегімен үлес қосқанына қуа­нышты екенін де жасырмады олар. Мұқтаж отбасына арналған барлық үй толық аяқталып, айналасы қоршалып, сақадай сай етіп пайдалануға берілмек. Әр үйдің алдында бау-бақшалық үшін 6 сотық жері тағы бар.

Қарқынды құрылысты көріп қуанған біз де жақсы жаңалықты елге жеткізуге асықтық.

 

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 мамыр 2019 г. 429 0