Иісшіл иттер көмегі көп

Ежелден қазақ халқы итті жеті қазынаның бірі санаған. Жануарлардың арасында иттің иесіне адалдығын айғақтайтын аңыз-әңгімелер де өте көп. Жақсыитті малға серікке балағанымызбен оның біз біле бермейтін қырлары өте көп. Иттердің тілін түсініп, оларды бұйрықты орындауға үйрететін кинологтар жұмысымен танысу мақсатымен Қызылорда облыстық ІІД-не қарасты кинологиялық қызмет орталығына барған едік…

Иттер мен олардың инстинктері төтенше жағдайларда немесе адам өмірін құтқаруда пайдаланылып келеді. Оны мүмкіндігінше тиімді жасау үшін арнайы кинологиялық қызмет те жұмыс істейді. «Ит – адамның досы» екендігіне кәміл сенетін кинолог-мамандардың айтуынша, ит бір секунд иіскеген иісті бес жылға дейін ұмытпайды. Тіпті, олар иістің 11 миллион түрін ажырата алатын көрінеді. Мамандардың айтуынша, адаммен салыстырғанда олардың иіс сезу қабілеті 10 мың есе күшті. Қараңғылықта олар 100 метрге дейін қозғалған затты байқаса, 25 метр қашықтықтағы дауысты ажыратады екен.
Қазір бұл орталықта төрт аяқты 27 тәртіп сақшысы бар. Негізінен иттер ҚР ІІМ-не қарасты кинологиялық орталықта (Алматы қаласында) оқу жоспарына сәйкес оқытылып келеді. Кинолог маман Шыңғысхан Караматов бұл салада алты жылдан астам жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында иттердің түрлі тұқымын қолға үйреткен. Бүгінде «Рэм» орыс спаниелі мен «Марта» лабрадор қызметтік иті Шыңғысханның қарауында.  
– Ең бастысы, ит пен кинолог бір бүтін болуы керек. Иттерді үйретуді негізінен күшік кезінен бастаған жөн. Ал итті дайындауда кинологтың жұмыс тәсілі мен иттің қызметке қабілеттілігі аса маңызды. Негізінде итті «тәрбиелеу» бір жылға жуық уақыт алады. Қызметке көп жағдайда ұрғашы иттер таңдап алынады. Өйткені олардың мінезі тұрақты, берілген бұйрыққа тез бағынады, – дейді маман.
Бұл салаға көбіне лабрадор, спаниель, неміс және Бельгия овчаркасы сияқты ит тектері алынады. Иттердің мінез-құлқын адамдардікі сияқты холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик деп төрт типке бөліп қарастырады. Осылардың ішінде флегматик, сангвиник, холерик типті иттер сынақ нәтижесіне қарай таңдап алынады екен.
Әр кинологтың өзінің иті болады. Сала мамандарының айтуынша, қызметтік иттер бір адамға үйренсе, соның ғана бұйрығын орындайды. Олардың екінші адамға үйренуі – екі-үш айдың еншісінде.
– Біз иттерді екі айлығынан бастап үйретеміз. Сол жаста олар өздерінің аттарын біледі. Иттердің иісті ажыратып, оны шатыстырмауы үшін түрлі жаттығулар жасаймыз. Жалпы, иттің иісті ажырату қабілеті өте күшті. Тәжірибеден өтіп шыңдалғаны ешқашан шатыстырмайды. Одорология әдісін қолданғанда иттердің иісті ажырату дәлдігіне көз жеткізіп жүрміз. Мысалы, қылмыс болған жерде күдікті адамның қолғап, бас киім, ұялы телефон секілді заттары қалып қойды делік. Ал күдікті адам оларды ешқашан менікі деп мойындамайтыны анық. Осы кезде ішкі істер қызметкерлері иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді. Криминолог мамандар арнайы сүрткіш арқылы бірнеше күдікті адамнан иіс алады. Содан соң оны нөмірленген банкілерге орналастырады. Иісшіл иттерге қылмыс болған жердегі затты иіскетіп, сол иісті әлгі банкілерден іздеттіреді. Сонымен қоса көлікті тонау кезінде де көлікте соңғы отырған адамның иісі сақталып қалатыны белгілі. Сол кезде де арнайы құралдар арқылы иіс алынып, із кесуші иттердің көмегіне жүгінеміз, – дейді Ш.Караматов.
Заман талабына сай заманауи технологияның дамуына қарамастан, күн сайын қылмыстарды ашуда қызметтік иттердің рөлі артпаса кеміген емес. Кинологтар қызметтік иттерді күшік кезінен тұқымына, мінезіне байланысты әр бағытқа баулып, машықтандырады. Себебі, әрбір иттің өз мінезі бар, әрқайсысына жеке көзқарас қажет. Мәселен, халық көп шоғырланатын жерлерде патрульдеуге жуас иттер жіберіледі, ал қабаған иттер аса қауіпті қарулы қылмыскерлерді ұстау кезінде қажет. Лабрадор, шағын спаниельдер есірткіні іздеу кезінде өте ыңғайлы, әсіресе, тауар тиелген үлкен жүк көліктерін, жолаушылар автобустарын тексеру кезінде пайдаланылады. Ал жарылғыш заттарды табатын иттердің мінезі салмақты болғаны жөн. Себебі, жарылғыш затты іздеген кезде барынша сақ болу керек. Ал есірткіде керісінше тыным таппай іздеу жүргізу талап етіледі. Олар осы секілді арнайы мінездеме бойынша ажыратылады.
Иттердің қызметтік бағыттары із кесуші, шабуылдаушы, есірткі іздеуші, жарылғыш заттар іздеуші, одорологиялық зертхана иттері болып бөлінеді. Мамандардың айтуынша, бұл иттердің ішіп-жеміне сауаттылықпен қараған жөн. Иттердің жейтін асы олардың қызметіне кесірін тигізбеуі керек.
Жұмыс кезінде ит әрдайым иесінің сол жағында тұруы керек. Мысалы, сол қолды иық деңгейінде көтеріп, сосын қайта түсіру «жаныма кел» деген пәрмен. Жұмсағанға жақсы үйренген итті жаныңа шақыру үшін сол қолмен сол саныңызды бірнеше рет соқсаңыз болды. Кинолог отырған иттің төбесінен алақанды төмен қарата көрсетсе, бұл «орында» деген пәрмен. Бұл бұйрықты алған ит кинолог кетіп қалса да, тапжылмай отыра береді. Міне, қызметші иттер осындай әрекеттері мен мүмкіндіктерінің арқасында кинолог мамандардың жұмысын жеңілдетеді.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 мамыр 2019 г. 602 0