Жол сапасы жақсара түседі

 Жол сапасы – мемлекеттің дамуын аңғартатын басты көрсеткіш. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер емес. Қазалы өңірінде сауда-саттықтың бағзыдан қарқынды дамығаны тарихтың сарғайған парақтарынан мәлім. Шөл даланың ыстық-суығына төзімді түйелер керуені қазір  темір жол торабы мен автокөліктер жолы алмастырған. 

Кенттің нақ іргесінен өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы кәсіпкерлік саласының алға басуына да септігін тигізуде. Қазалылық кәсіпкерлер бес бірдей  теміржол тұйығын пайдаланумен қатар, жүзге тарта жүк көлігімен зат әкеліп, өздері өндірген өнімдерін сыртқа тасымалдайды екен.

Қазалы ауданы бойынша 402 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары (180 шақырымы – асфальтты, 141 шақырымы – қиыршық тасты, қалғаны топырақты жолдар санатында) бар. Қазір «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» елді мекендері арасындағы жолдың 45-76 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ «Басықара-Абай-Өркендеу», «Қожабақы-Бекарыстан би» елді мекендерінің жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңа­құрылыс» елді мекендерінің, «Самара-Шымкент-Байқожа» жолының белгіленген шақырымын орташа жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер мекеме анықталуда. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіне кіреберіс, яғни, Т.Рысқұлов көшесінен Біржан сал көшесі арқылы Жанқожа батыр көшесіне дейінгі аралық жолын орташа жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Аталған жұмыстар мердігері  «Нұрас и Компания» ЖШС. Тағы бір жағымды жаңалықты жеткізсек. Есімі көпке танымал азамат, ҚР «құрметті құрылысшысы» Серік Өтеген басшылық жасайтын «Қазалы жолшы» ЖШС «Әйтеке би - Қазалы қаласы-Шағала» бағытындағы 4 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізуді қолға алған болатын. Қашанда жауапкершілік жүгін терең сезінетін серіктестік ұжымы ағымдағы жылға қаралған қаражатты толық игерді.

– Жол сапасын жақсарту күн тәртібінде тұр. Осы бағытта Әйтеке би кентіндегі айналма жолда орташа жөндеуден өткізуге мердігер мекемемен келісім-шарт жасалды. Пірімов, Түктібаев, Ақсуат елді мекендерінің ішкі жолдарын жөндеуге қаржы бөлініп, мердігер мекемелер анықталуда.  Айта кетерлік жайт, Әйтеке би кенті көшелерінің басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен өткен жылы 55 көшені орташа жөндеуге байланысты жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Осы жұмыстарды бастауға 2018 жылы облыстық, аудандық  бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, Қ.Ерімбет көшесі толық асфальттанды. Биылғы жылы Жетес би, Мағзаман әулие, Сүлейменов, Жалаңтөс батыр көшелері толық жөнделетін болады. Кент көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында жолдарды  ағымдағы жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен қосымша 57 млн теңге қаржы бөлу жоспарланып, қосымша 23 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Ау­дан­дық маңыздағы  «Әйтеке би-Басықара», «Бекарыстан би-Майдакөл», «Қожабақы-Аран­ды», «Бозкөл-Тасарық» бағыттарындағы жолдар мен Мұратбаев, Жанқожа батыр, Жалаңтөс батыр, Абай елді мекендеріне кіреберіс жолдары, Сырдария өзенінің Абай елді мекені тұсындағы көпірге  баратын жолы жөндеуден өткізілетін болады – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әліби Әбиев.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 мамыр 2019 г. 826 0