Дәстүрді жаңғыртқан Салтанат

Кішкентайынан қолынан ине мен жіпті тастамайтын Салтанат Қисықова әдепкіде осындай кәсіп ашып, ұршықша иіріп кетемін деп ойламады. Әйткенмен, жүрек түкпіріндегі ұлттық қолөнерге деген ықыласы оны биіктерге жетелеп, арман отын тұтатты. Ауыл арасында ісмерлігімен танылған ол кейін мемлекет қолдауының арқасында үлкен бір кәсіптің құлағын ұстады. Сонау Қармақшы ауданының Қуаңдария ауылындағы өнер иесі бүгінде текеметтің әрбір үйдің төріне жайғасуына септігін тигізіп келеді. 

«Шебердің қолы ортақ» деген бар. Он саусағынан өнер тамған көпбалалы ана киіз басып, алаша, текемет тоқиды. Көргенде көзтартарлық ою-өрнектер ­сырады. Қыз жасауы, киіз үйдің жабдықтары – бар­лығын жасау қолы­нан келіп тұр.

– Жігітті сөккенде «қолыңнан шеге қағу келмейді» деп жатады ғой. Сол сияқты ине мен жіптен түрлі туынды жасау – әйел затына Тәңір берген несібе. Ол ас та пісіріп, іс те тіге алатын болу керек. Барлық ынта-ықыласын аударып, жан сарайындағы көркемдікті шығара білсе, тіпті тамаша. Әжемнің тәрбиесін алдым, содан бойыма осы қасиет дарыды. Он екі жасымнан бастап қолымнан тігін құралдары түскен емес, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Көрпе көктеп, құрақ құраған ол киіз үйге қажетті бай-шу, иін бау, басқұр сияқты жабдықтарды жасап жүр. Қазақтың ұмытылып бара жатқан киіз басу өнерін тұтас ауылдың санасында жаңғырта білген жан алаша тоқып, текемет басудың да шебері. Елде кәсіпкерлік кең етек жайып жатқанда Салтанат Нағашыбайқызына «Ісмерлігімді неге кәсіпке айналдырмасқа?» деген ой туды.

– Кәсіп ашамын деген оймен жүріп, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша – 240 мың теңге, Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 1 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Бұл қаражатқа тігін шеберханама керекті жабдықтар сатып алып, кәсіп бастадым. Қазіргі күні тапсырыс берушілердің қарасы қалың. Кейде үлгермей де қаламын, – деді шебер С.Қисықова.

Ұлттық өнердің ұлағатын сезінген отбасында жұбайы Жасұлан мен қайын енесі Күлайша Қаниева оған қашан да қолдау көрсетіп отырады. Бастамасын қолдап, қуанышына ортақтасып, арқасынан қағатын отбасы көпбалалы ана үшін үлкен күш береді. Елді мекенде еңбек еткеннің бір ерекшелігі – шикізат ауылдың өзінде табылады. Мәселен, ол киіз басып, текемет дайындау үшін қойдың жүнін ауылдастарынан алады.

– Ауылдағы әр үйде кем дегенде 8-10 қойдан бар. Қой қыр­қынның уақытында мен өзім аралап, жинап аламын. Ал жүн түтетін аппаратты қолдан жасаттым. Бұрынғыдай шұқшиып көз майын тауыспаймыз. Көне кір машинадан жасалған аппарат бәрін істеп тұр, – деді кәсіпке нықтап кіріскен жан.

Салтанат Нағашыбайқызы өзі­нің қолынан келген өнерді өзге­лер­мен бөлісуге әркез дайын. Талабы барларды қолөнердің биік шыңына ерте кетуді көздейді. Кәсібін кеңейтсе, қасына көмекші керек, ол да ойында.

– Жаз келсе, көрші келіншектер жиналып алып, киіз басамыз, ою сырамыз, өрнек саламыз. Бұл істің әдетке айналғанына да бірнеше жыл өтті. Шақырмаса, есік қақпайтын жағдай біздің ауылда жоқ. Бірлігін арттырып, елді бір-бірімен етене араластыратын бұл іске ынталылар да жетеді бізде. Меніңше, қыз баланы кішкентайы­нан тігіншілікке баулу керек. Арнайы кәсіп қылмаса да, отбасына пайдасы мол, – дейді шебер.

Әріптесіміз Ержан Байтілес «Қой кезек» атты туындысында осы үрдістің ауыл халқын тонның ішкі бауындай етіп, қой кезек баққан баланың шыдамды болып өсетінін жазған еді. Сол сияқты киіз басудың өзі білектің күшін, жүйкенің төзімділігін сынға салады ғой. Түрлі процестен өтеді. Қолда бар табиғи таза өнімнен өздері тұтынар бұйым жасарға ерінгендер базар барып, өзгенің саудасын қыздырады. Ал Қуаң­дарияда Салтанаттың қолынан шыққан туындылар әрбір үйдің төріне сән беріп тұр...

Дәулет ҚЫРДАН.

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 мамыр 2019 г. 519 0