« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Аралда кәсіпкерлік саласы қарқын алуда. Бүгінге дейін аудандағы шағын және орта бизнес саны – 4273-ке, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілер 3693-ке жеткен. Оның ішінде заңды тұлға 208 болса, жеке кәсіпкер – 2940, ал шаруа қожалығы 545 болып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік санының артуы ауданның салық базасын ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
– Саладағы істердің серпін алуына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» негіз болып отыр. Ондағы мақсат – шағын несие көлемдерін ұлғайтып, өз бизнесін ұйымдастыру мен кеңейту үшін кәсіп ашуға ұмтылған өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке тарту. Қазір бағдарлама аясында ұсынылған жобалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС және «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылып келеді. Сонымен қатар, кепіл мүлкі жетпеген жағдайда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін шағын несие құнының 85%-не, ал жұмыс жасап тұрған кәсіп иелері үшін 50%-не дейін «Даму» АҚ және «Казагрокепіл» АҚ кепіл болып отыр. Бүгінде «Бастау-Бизнес» курсы бойынша 1-ші топта 39 адам оқып, сертификаттарын алса, екінші кезеңге 47 адамның құжаттары жинақталуда, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Рахметжан Бисенбаев.
Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар алдымен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы қызметіне жүгініп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқу курстарына жолдама алған. Осыдан кейін облыстық кәсіпкерлік палатасының Арал ауданындағы филиалы жанынан кәсіпкерлік негіздеріне бағытталған логикалық тұрғыдағы тест жүйесінен өтіпті. Кәсіп ашуға ынталы азаматтар тест тапсырған соң, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1 айлық оқу курсын оқып, тиісті сертификаттарын алған. Айта кететін нәрсе, оқу курсынан өтушілерге 18 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріліп, шаралардың барлығы да тегін жүргізілген.
– Біз оқу курсынан өтуші азаматтарға бір ай ішінде бизнес жоспар әзірлеуді және өз кәсіптерін тиімді жүргізудің тәсілін үйретеміз. Бизнес жоспар жасалғаннан кейін несие алуға ниеттілер әуелі аудандық деңгейде құрылған комиссияның алдында жоспарларын қорғайды. Бұдан соң ауданнан мақұлданған жоба облыстық комиссияның қарауына жіберіледі. Жолданған құжаттар облыстық комиссия тарапынан оң қорытынды алған соң, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Арал ырысы» және «Өңірлік инвестициялық орталығы» секілді қаржы ұйымдары арқылы несиелендірілетін болады. Әрине, ол үшін кепіл мүлкі және несие тарихы дұрыс болуы қажет, – дейді Арал ауданы бойынша «Бастау-Бизнес» жобасының тренері Нұрсауле Ембергенова.
Өз кәсібін ашуға ұмтылғандардың ішінде мүмкіндігі шектеулі Жеңіскүл Тәжединова да бар. Ол осы кезге дейін өзінің тігін машинасымен қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі тапсырыстар алып келген. Жобаға қатысып, арнайы курстан өткен Жеңіскүлдің ендігі мақсаты – қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібін кеңейту. Сонымен қатар, арнайы құрылысқа қажетті кірпіш шығаратын цех ашуға жеңілдетілген несие алуға Мұрат Сманов та талаптаныпты. Арнайы құрылғы алуға 2 млн теңгеге жуық қаржыны қажет ететін бұл жоба комиссия сүзгісінен өтсе, құрылысқа керек өнімді сырттан тасымай-ақ, халық сұранысын осында қанағаттандыруға болатын сияқты. Ал Нұргүл Тасқынбаева арнайы кілт жасайтын аппарат алып, өз бизнесін дөңгелетпекші.
– Біз кілтті көп жоғалтып жатамыз. Аралда мұндай кілттің баламасын жасайтын аппарат жоқ. Сондықтан кейде облысқа барып жасатып жатамыз. Болмаса, құлып ауыстыруға тура келеді. Бұл екі есе шығынға бату деген сөз. Бұйырса, қайтарымсыз несие алып, осы кәсіпті қолға алуды жеделдетсем деймін, – дейді ол.
Айта кету керек, биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 120 адамға кәсіпкерлік курсын оқытпақшы. Бір қуанарлығы, филиал қызметкерлерінің айтуынша, оқуға талаптанғандардың басым көпшілігін жастар құрап отыр.
Ержан ҚОЖАСОВ.
Арал ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |