« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыстың медиа кеңістігінде жап-жас газет бар. Авторларының назары да – жастар мәселесінде. Бүгінгідей сананы смартфон билеген заманда салмақты сөз, орнықты ойымен қазақ жастарын серпілтетін басылым керек. Ал айтары айқын «Ақмешіт жастары» осы міндет жолында, көп жоқтың есесін түгендеуге еңбек етіп келеді. Кеше редакция ұжымы аймақтағы жастар орталық мамандары, студенттердің қатысуымен «Ақмешіт жастары» достарын шақырады» форумын өткізіп, трендтегі тақырып, аудан, ауылдардағы жастар жағдайы, басылым турасындағы ұсыныс-пікірлерді талқыға салды.
Форум Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қалада, су жаңа Жастар орталығында өтті. Еңселі ғимараттың сәні мен салтанаты бөлек, бұл күн әдемі естелік пен есті әңгімеге толы болды. «Ақмешіт жастарының» алғашқы әрі қазіргі бас редакторы Айжан Абдуллаева басылымның соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, газеттің онлайн нұсқасын дамыту жолға қойылғанын атап өтті. Мына қызықты қараңыз: әлемдік баспасөзге жыл сайын шолу жасайтын халықаралық медиа ұйым мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде әлем бойынша 2 млрдтан астам ересек адам газет оқиды. Әрине, цифрландыру платформасына сәйкес, газеттің онлайн нұсқасының да аудиториясы артып келеді. Әлемдегі ғаламтор тұтынушыларының 40 проценті газеттің электронды нұсқасына күнделікті шолу жасап отыруды әдетке айналдырған. Байқағанымыздай, адам бар жерде ақпарат бар, ал ақпаратты қажет етпеу, басылымсыз-ақ өркениетке ұмтылу мүмкін емес.
– Газетті гаджет алмастыра бастаған уақытта ақпарат айдынына қосылған «Ақмешіт жастарының» да шыға бастағынына биыл - 6 жыл. Жастар басылымы жастар саясатының тұжырымдасына негізделген мәселелерді насихаттап отыр. Бұған дейін 12 бет болып шыққан басылым қазір Д2 форматына көшті. Сегіз бет, айына бір рет оқырманға ұсынылатын 40-қа жуық беті, 150-ден астам айдары бар. Редакция ұжымын әрқашан оқырманның талап-тілегіне жұмыс істеген қызықтырады, қазіргі трендтегі тақырыптарды талқылау, оқшау ойлар, ұсыныс пікірлер шабыттандырады. Мәселен, қазір газеттің барлық айдар атаулары латын қарпімен жазылады, –деді газеттің бас редакторы.
Редакция ұжымының дені – жастар. Еңбек жолын «Ақмешіт жастарынан» бастаған мамандардың біразы облыстың маңдайалды басылымдарында, телеарналарда табысты еңбек етіп жүр.
– Жас мамандардың шеберханасы сынды осынау ұжымның идеясы мен креативті бастамалары оқырманын алдағы уақытта да тәнті етеді деген сенімдеміз, – деді Айжан Абдуллаева.
Жиында «Болашақ» университетінің ректоры Қуаныш Дәуренбеков 5800 студент білім алатын оқу орнында екінші маусымға газетке жазылу науқаны жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ, бұдан былай басылымға жазылуды студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі арқылы жүргізуді ұсынды. Ал журналистер қазір жастардың бизнес жоба, стартап идеяларын жиі жариялап, кәсіпкерлердің жетістігін жіберген қателігімен бірге көрсетіп жазса, оқырманға қызықты деген ойын айтты.
Ал «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Әділ Ибрахим қазір мәселе газетте емес, мәселе біздің санамызда дейді.
–Қазір әлеуметтік желінің қысқа-нұсқа ақпаратын оқып үйреніп қалған жастар, газеттің сапалы дүниесін ұғына алмайтын деңгейге жетті, - дейді ол.
Жастарды ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеуге, кәсіпкерлікке шақырған ол, қазір жастардың ауылға барғысы келмейтінін атап айтты. Қазір елді мекендерде айлығы 70 мың теңгеден кем емес 20 жұмыс орны бос тұрғанын, ал жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамандарды шақыра алмағанын жеткізді. Сондықтан бұл мәселе де газет тілішілерінің назарында болса дейді ол.
Форум соңында қатысушылар «Сыр медиа» ЖШС ғимаратына арнайы келіп, редакция ұжымының жұмыс барысымен танысты.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |