«Сыр бойы – елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір»

Сейсенбіде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен облысқа келді. Сапар барысында Мемлекет   басшысы өндірістік-әлеуметтік нысандарды аралап, шаһардың сол жағалауының даму жағдайымен танысты және облыс жұртшылығымен жүздесті. президент алдымен облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болды.


Бала саулығы

бәрінен қымбат


2017 жылы ашылған ауруханада 8 клини­калық, 3 хирургиялық бейім­дегі бө­лімше және 30 төсекке ар­налған күндізгі стационар мен мейір­герлік күтім бөлімшелері бар. Сондай-ақ, мұнда бір ауы­сым­да 300 бала қабылдайтын кеңес беру диагностикалық бө­лім­шесі де жұ­мыс жасайды. Ме­дициналық нысан еліміздегі үздік 5 аурухананың қа­тарына енген.

Мемлекет басшысына аурухана қыз­метін бас дәрігері Зоя Көшенова айтып берді. балалар ауруханасы ашыл­ғалы бері ата-аналар сәбиінің саулығына шипа іздеп Астана, Алматы қалаларына сабылмайтын болған. Себебі, соңғы үлгідегі медициналық диаг­ностикалық құрал-жаб­дықтар тұр­­ғын­дардың сапалы  көмекті осы жер­­ден  алуына толық мүмкіндік береді.

– Өңірде балаларға көрсе­тіле­тін медициналық қызмет сапасын жақсарту, сәби өлімінің алдын алу, аурушаңдықты тө­мендету, маман­дардың кәсіби біліктілігін арттыру және ме­ди­циналық ұйымдардың ма­териал­дық-техникалық базасын жақсарту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп, сол бо­йынша ауқымды жұмыстар ат­қарылуда. Реабилитациялық, по­ли­ативті көмекті жақсартуға баса назар аударылуда, – дейді бас дәрігер.

Сондай-ақ, балалар хирур­гия­сын жетілдіру мақсатында ота жасау аясы кеңейіп, бірнеше ота түрі алғаш рет жасалды. Жалпы облыста балалар хирургиясы бойынша 903 бала ем қабылдап шықса, 650 балаға ота жасалған. Туа бітті ақауы бар нәрестелерді аман алып қалу үшін неонатальды хирургияны жетілдіруге күш салынды. Мәселен, былтыр дәрігерлер  жаңа туған 93 шақалақты өлім аузынан алып қалды. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аймақта сәби өлімі 20 процентке азайған.


Жұмысы ширақ

«Жан -арай»

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жан-Арай» ЖШС-ның күріш өңдеу ісіне ма­­­ман­­дан­дырылған агро­ин­дустриялық кешеннің жұ­мы­сы­мен танысты. Сол жерде өңірдің ауыл шар­уа­шылығы тауар­өн­дірушілерімен кездесті.

Соңғы 6 жылда облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнім түрі 3-тен 15-ке дейін артты. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша экс­порттың 97%-і қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп ке­шенін дамыту үшін әзірленген «Агрокартада»  экспорттың өсуі және қауіпсіздігіне қатысты бағыт нақ­тыланған.

«Жан-Арай» ЖШС күріш өңдеу және құрама жем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өңдейді және 80 тонна құрама жем өндіреді. Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында жүзеге асқан жоба – серіктестіктің құрама жем зауыты. Инновациялық тех­но­логияларды пайдалана­тын зауыт күрішті ақтап қана қоймай, қалдығынан мал азығын әзірлейді. Мұнда күріш жыл бойы ақталады. Се­ріктестік басшысы Бағдәулет Мақашевтың айтуынша, күріш­ті ақтап, қаптап қойғаннан өнім салмағын жоғалтып, сапасы төмендейді. Сондықтан қара күрішті тапсырысқа орай жыл он екі ай бойы ақтау жолға қо­йылған. Тапсырыс болған кезде тәулігіне 2 вагон күріш ақтап беруге мүмкіндік бар. Кешен қоймаларындағы қара күріштің қоры күзге дейін жетеді. Қой­ма­лар күннің ыстығында да­қыл­­дың ылғалдылығын сақ­тап қалуға ыңғайланып жаб­дықталған.

Германиядан әкелінген күріш зауыты толық автомат­тандырылған. Онда 5 түрлі сорт ақталады. Жыл сайын 6 шаруашылық екі тарапқа да тиімді шарттармен 7 мың гектардай жерге күріш егеді.

Серіктестіктің құны 60 млн теңге тұратын ет бағытындағы қаз, үйрек өсіру жобасы нәтижесін берді. 10 гектар жерге егілген алма бақ алдағы жылы жеміс бере бастайды. Кешенде кәсіп­керлерді өндірістен  қол үзбей оқыту да жолға қойылған. Енді макарон цехы мен тез дайындалатын күріш лапшасын шығару қолға алынбақ.

 Қазақстан Президенті ша­руа­шылық басшыларымен әңгі­мелесіп, бұл саланы өркен­детудің басты бағыттарын атап көрсетті.

– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС басқарушы директоры Манарбек Еспанов:

– Соңғы жылдары енгізілген техно­логияның, техниканың жаңа түрлері шаруашылықтардың жағ­дайын жақсарта түсті. Осы жерде өзіңізбен кездесуге келген әріптестерім елдің азаматтарына жұмыс беріп, ауылдың әлеуетін арттыруға бар күшін, білімін жұмсап келеді. Сіздің сапарыңыз жерге дән себіліп, ел ырзық-несібесіне негіз қалап жатқан уақытпен тұспа-тұс келді, – деді.   


Сәулет пен дәулет

 

Сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы аумағы 1532 гектарды құрайтын сол жағалаудың даму барысымен танысты. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шаһардың ҚР Үкіметі бекіткен бас жоспарын көрсетіп, қазір сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын екенін жеткізді.

– Бүгінде Қызылорда қала­сында 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай тұр­ғындар саны 350 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туындады. Қазір мұнда әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы, сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында биыл 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі, – деді Қырымбек Көшербаев.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, облыс­та мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік­тің әлеуеті артқанын, тың тәжірибе та­­бысты жүзеге асып отырғанын атап өтті. Тиімді әріптестік аясында қа­ла­ның жаңа бөлігінде де құрылыс қар­­­қындағанына тоқталды. Қазір «Бо­лашақ» университеті кам­пусының құ­ры­лысы жүріп жат­қанын, 2019-2020 жылдары ем­ханасы бар көпсалалы ауру­­хана, отбасылық медицина ор­та­лығы, жатақханасы бар фи­зика-математикалық мектеп, жеке мектеп және тағы басқа әлеу­меттік маңызы бар нысандар бой көтеретінін баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркен­деп келе жатқанына тоқталды.

– Қала құрылысына осы са­ладағы үздік тәжірибелерді қол­дану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Иә, бүгінде жаңа қала келбетін келістірудегі бастамалар жайлы ауыз тол­тырып айтуға болады. Мұндағы тірлік қызу. Тиісті инфрақұрылым жүр­гізілген. Жуырда 320 орындық ба­ла­­бақшаның іргетасы қаланды. Енді дарияның арғы бетінен салынған үйлерге қоныс аударатын тұрғындар «Баламызды қай балабақшаға орналастырамыз?» деп те әбігерге түспейді. Бұдан бөлек, сол жағалау аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының орналасуымен ерекше. Тарих тылсымынан сыр тартып тұрған ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Мәдени орталық Елбасы мақаласында  басымдық берілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпараттар толқынында» секілді түрлі жобаны қолға алған. Ғимаратта қала тарихына арналған мұражай да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мұражай экспозициясымен таныс­ты. Айта кетейік, өткеннен өнеге бере­тін мұражай 3 залдан тұрады, мұнда Қызылорда қаласының қалыптасу тарихына қатысты 800-ге жуық жәдігер қойылған.


Жастарды қолдаудың

өңірдегі өрісі


Жуырда ғана Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген Жастар орталығында Президент жастармен жүздесті. 

Кездесу кезінде Санкт-Петер­бург мемлекеттік өнер­кәсіптік технологиялар және дизайн уни­верситетінің түлегі Жазира Смаилова мемлекеттің жастарға қамқорлығы мен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Жазира Мәскеу мен Санкт-Петербургтың жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Федерациясы Үкіметінің қаражаты есебінен білім алған 500-ге жуық қызылордалық жастың қатарынан. Бүгінде ол – Жаңақорғандағы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының инженер-технологы.

– Аймақ басшылығының қол­дауымен сырбойылық мектеп түлектері 2014 жылдан Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім ала бастады. Осындай қолдауға ие болған жастардың қатарынан табыл­ға­ныма қуаныштымын, – деді жас маман.

Еске салайық, былтыр 32 түлек оқуын тәмамдап, жергілікті кәсіп­орындарда еңбек етуге кірісті. Биыл тағы 132 білім алушы оқуын бастайды деп жоспарланып отыр. Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 900-ге жуық дарынды да талапты ауыл баласына арнайы білім гранттары бөлінгенін атап өтті. Бүгінде олар еліміздің озық жоғары оқу орындарында өңірге қажетті мамандықтарды меңгеруде. Одан бөлек, 4,5 мыңнан астам жерлесіміз «Серпін» бағдарламасы аясында орталық, шығыс солтүстік аймақтардың оқу орындарында оқып жатыр.

Мемлекет басшысымен кездесуде аралдық Қасым-Жомарт Сайлаубаев сөз сөйледі. Ол өз есімінің ел ағасының құрметіне қойылғанын және мұны мақтан тұтатынын жеткізді. Он тоғыз жастағы Қасым-Жомарт қазіргі күні Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің бизнес мектебі факультетінде біліп алып жүр. Оқуды аяқтаған соң елге пайда әкелер мықты маман болып қалыптасуға асық.

Сонымен қатар, Президент тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа ғимарат құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГермұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігі арқылы жүргізілді. Мұнда интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, жаттығу және конференц залдары орналасқан.


Басты мақсат –

халықтың өмір

сапасын жақсарту


Жұмыс сапары аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сырбойылықтармен кездесті. Кездесуге аймақтың зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

–    Қызылорда – қазақ атауын өзіне қайтарған тарихи қала. Сыр өңірі – ел қорғаған Жанқожа мен Текей батырлардың жері. Сыр елі – жыр елі, Нартай мен Нұртуған секілді сыр сүлейлерінің елі, дәстүрлі өнеріміздің діңгегі. Бұл – қазақтың елордасы болған қала. Ұлттық мәдениеттің бастауы – алғашқы театр да осы қалада салынды. Сыр бойы – елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір. Қызылорда – халықтың тағдырлы шешімдері қабылданған қала,– деп қасиетті өлкенің ерекше тарихына тоқталып өтті.

Сыр елінде соңғы жылдары атап айтар жетістіктер аз емес. Ел дамуын­дағы қай салада болмасын жоғары көрсеткіш, өзгелерге үлгі етерлік тәжірибе бар. Нәтижелі жұмыс іс басын­дағы басшының тәжірибесі мен біліктілігін байқатса керек. Мемлекет басшысы атап айтқан жетістік – өңірде индустрияландыру аясында құны 150 млрд теңге болатын 24 жобаның жүзеге асқаны, мұнан бөлек, әлеуеті зор ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, қызмет көрсету саласының дамуында айтарлықтай ілгерілеудің бар екендігі. Сонымен қа­тар бизнеске қолайлы ай­­маққа айналған өңірдің бұл бағыттағы жұмысы өзгелерге үлгі.

–    Өңірде біраз жетіс­тіктер бар. Мұны атап өту керек. Бұл тәжірибесі мол өңір басшысы Қырымбек Елеуұлының жұмысының нәтижесі,– деді ендігі сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Кездесу барысында ел Президенті алдағы әлеу­меттік-экономикалық бағыт­тағы жоспарлармен бөлісті. Қай кезде де биліктің халық алдындағы жауапкершілігі арта беретіндігін, басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсарту екен­дігін тағы бір шегелей түсті. Бұл орайда өңірде алдағы уақытта шешімін табуы тиіс мәселелер нақтыланды.

– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашу ісіне баса мән беру керек, – деген мемлекет басшысы бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға ұсынды.

Азаматтардың еңбек құқығын сақтау да – қоғамдағы келелі мәселенің бірі. Әсіресе, шетелдік компанияларда еңбек ететін отандастарымыздың мүддесін қорғау маңызды болмақ.

Тиімді әлеуметтік қорғау жүйесі – халық талабы. Бұл орайда мемлекет басшысы Елбасы жүргізген әлеуметтік саясаттың жалғасын табатындығын, Тұңғыш Президент бастамасымен іске қосылған барлық әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асатындығы және ауқымы кеңейетіндігінен хабардар етті. Ел Президенті атап айтқандай, әлеуметтік саясатты одан әрі тиімді жүзеге асыруға қосымша 2 трлн теңге бөлінетін болды. Елімізде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Биылғы жылдың бірінші сәуірінен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақы төлене бастады. Бірінші маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Осы мазмұндағы жақсы жаңалықты жұртшылықпен бөліскен Президент еңбек адамның екінші анасы екендігін атап айтып, халықты еңбек етуге шақырды.  Ал, әлеуметтік көмек өз бетінше еңбек ете алмайтын адамдарға арналғанын көпшіліктің есіне салды.

Әлеуметтік сала бойынша аймақтың жетістігі аз емес. Мұны мемлекет басшысы атап айтты.

–    Әлеуметтік салада облыстың біраз жетістігі бар. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында облыстың әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында білім, денсаулық, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 млрд теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Бұл шаралардың барлығы халық үшін, – деді Президент.

Ел экономикасын күшейтуде даму­дың жаңа драйверлерін қалып­тас­тыру қажет. Қуатты эко­номикаға қол жеткізудің маңыздылығын айтқан мем­­лекет басшысы индустрияландыру саясатының жемісті болғандығына тоқ­талып, ендігі кезекте шыны зауытының құрылысын аяқтауға тапсырма берді.

–    Индустрияландыру саясаты өз жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шалқия» кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын, – деді Президент.

Облыс экономикасы құрылымында мұнай- газ саласының үлесі басым екендігі белгілі. Аймақтағы жалпы өндіріс көлемінің 70 процентке жуығы осы салаға тиесілі. Бірақ бүгінде мұнай кеніштерінің сарқылуы байқалып, шикізат өндіру көлемі жыл сайын төмендеп келеді. Демек, болашақта өндірісте жұмыс істейтін азаматтар үшін мәселе  туындауы мүмкін.

 Мемлекет басшысы осы проблеманы болдырмау үшін ресурстық базаны ұлғайту шараларын қолға алып, жаңа кен орындарын игеруді және кеніштерге тың технологияларды енгізуді тапсырды.

– Үкімет пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және облыс әкімдігі бірлесе отырып тез арада  мұнай-газ саласын дамытудың нақты стратегиялық жоспарын жасақтауы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өңір үшін жалпы өсімнің жаңа моделі қажеттігін айтып, Үкіметке аймақтың дамуына тың серпін беретін, жұмыс орындарын құратын жаңа экономикалық бағдарлама жасауды тапсырды. 

Халықтың 42 проценті ауылдарда тұратынын ескерсек, ата қонысты өркендету назардан тыс қалмайды. Ауыл инфрақұрылымын жаңартатын кез келді. Жолдар, су құбырлары, электр желілері, мәдени-спорт кешендері жаңаруы тиіс. Бұл да ел Президентінің тілге тиек еткен мәселесінің бірі.

Қай кезде де ауыл шаруашылығы маңызды сала. Сыр елінде бұл саланы дамытуда айтар­лықтай жетістік бар. Дегенмен, сала әлеуетін әлі де арттыру қажет. Ауылдарда жердің тек еңбек ететіндерге тиесілі болуы, салаға жаңа тех­нология енгізу, берілетін субсидиялардың ашықтығы маңызды. Сондай-ақ агросекторды экс­портқа бағыттау оңай болмағанмен, уақыт талабы. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік. Өңірде бұл салада шешімін табуы тиіс мәселелердің бірі – жаңа су қоймаларын салу.

– Облыста ауыл шаруа­шы­лығы қар­қынды дамып келе жатыр. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне 5,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Күріштің он түрлі сорты өсіріліп, соңғы алты жылда өндіріс көлемі екі есе ұлғайды. Өңірде суармалы су тапшылығы бар. Сондықтан жаңа су қоймаларын салу керек. Бұл диқандарға аса қажет, – деген мемлекет басшысы мәселені шешуде Үкімет пен әкімдікке тапсырма берді.

Ауылдан қалаға ағылған жас­тар мәселесі де назардан тыс қалмақ емес. Жастар жылында білімді де талапты жастарға қолдау аз болмайды. Соның бірі – президенттік кадрлық резервтің құрылатындығы. Оның құрамына байқау арқылы ең үздік 300 жас маман іріктеледі. Сондай-ақ – «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында өз ісін бастаған жастарға қолдау көрсетілмек. Жұмыс өтілі де, тәжірибесі де жоқ жастарды қызметке ынталандыру, еріктілер форумын ұйымдастыру «Жастар жылында» жоспарланған маңызды шаралардың бірі. Ең маңыздысы, бұл жылда жастарға мүмкіндік пен қамқорлықтың аз болмайтындығы.

Өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда өзгелерге үлгі етерліктей нәтиже бар. Ел экономикасын алға жетелейтін негізгі күштің бірі саналатын кәсіпкерлікті қолдау алдағы уақытта да жалғаса бермек.

– Қызылорда облысы соңғы жылдары жергілікті бизнесті дамытуда мүмкіндігі мол екендігін дәлелдеді. Облыста үш жылдық шағын және орта бизнесті дамыту кезеңі жарияланды. Бір жылда жеке кәсіпкерлердің өнімі 15 процентке өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сол себепті былтыр Сыр өңірі бизнес жүргізу бойынша елдің үздігі атанды. Бұл тәжірибені республиканың басқа да аймақтарына қолдану керек. Кәсіпкерлер – экономиканың негізгі тіректерінің бірі, – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, инфра­құрылыммен қам­та­ма­сыз етуде аймақта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

– Бұл бағытта тұрақты даму бар. Тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз етілген. Аудандарға көгілдір отын жеткізілуде. Соңғы жылдары облыста 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 15 жаңа шағын аудан бой көтерді. Апатты үйлер мен мектептер және үш ауысымда оқу мәселесі шешімін тапқан. 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етілген,– деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен қатар, Президент атап өткендей, облыс тұрғындарын Қызылода су торабы мен жылу-электр орталығының авариялық жағдайы алаңдатады. Үкімет әкімдікпен бірлесіп су торабын жөндеу, жылу-электр орталығын жаңғырту және өңірді одан әрі жылумен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешуі қажеттігін жеткізді.

Кіші Аралды сақтау, экология мәселесі – мемлекет басшысының назарында.

–    Елбасының бастамасы бо­­йынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бө­лігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және «Көкарал» бөгетінің арқасында кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жан­дандыруға септігін тигізді. Мұнда балық өнімдерін дайындайтын 8 зауыт жұмыс істеуде. Балық экспорты он есеге өсті. Экологиялық мәселелер мұнымен шектелмейді. «Көкарал» бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу мұны қолға алмасақ, кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін, – деген Президент Үкімет пен әкімдікке жедел шара қабылдауды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе мұнай-газ және уран саласына қатысты. Бұл ретте өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар орнатып, экологиялық қауіпсіздікті халықаралық стандарттарға сай ету, сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды жаңа әдіспен өңдеуді қолға алу, аймақтың ластануына жол бермеу,  таза экологияға қол жеткізу де өте маңызды.

Байқоңырды ғарыш сала­сының негізі ретінде атап айтқан мемлекет басшысы бұл кешен аймаққа жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндік екенін жеткізді. Бүгінде Байқоңыр қала­сының инфрақұрылымын жаңғырту жалғасын тауып, 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үй мен медициналық орталық салынды, бес бірдей білім ордасы қазақстандық білім стандартына көшті. Ендігі мақсат – ғарыш технологияларын ел мүддесі үшін қолдану.

Елімізде жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарларды Сыр өңіріндегі жетістіктермен байланыстыра баян еткен мемлекет басшысы кездесуге жиналғандарды емен-жарқын пікір алмасуға шақырды.

Өз кезегінде сырбойылықтар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Кездесуде сөз алған Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықов Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сыр өңірін тарап кетуден сақтап қалғаны және теңіздің қайта оралуына қамқорлық жасағаны үшін Арал халқының ризашылығын және Сыр еліне қонақ болуға шақыру сәлемін жеткізуін сұрады. Шиелі ауданы «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков Жақаев ізбасарларының биылғы жылы да мол өнім алу үшін жұмыла еңбекке кіріскенін және ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге қатысты өз ұсынысын айтты. Сондай-ақ, кездесуде «Аралтұз» АҚ президенті Айдынбек Тауасаров, «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова саланы дамыту бойынша өз ұсынысын жеткізсе, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева елімізде спорт саласына жасалып жатқан қамқорлыққа көңіл толатындығын білдірді.

Кездесуде ел Президенті аймақ дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеев, облыстық көпбейінді аурухананың хирург дәрігері, сала ардагері А.Шүленбаев, «Бақ-Береке 2030» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, «Нартай өнер мектебінің» директоры Мұхаммедәлі Бекпейісовке Президент алғысы табысталды.


Түркі өркениетінің тұтқасы


Сондай-ақ, ҚР Президенті «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты.

Түркі әлеміне ортақ рухани ұстаз Қорқыт атаның құрметіне ме­мориалдық кешен Қармақшы ауданында 1980 жылдары салынған. 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жаңадан зиярат ету нысаны салынған болатын. 2018 жылдың қараша айында Маврикий республикасының Порт-Луи қаласында ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұра­сын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репре­зентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.

Мемлекет басшысының Сыр өңі­ріне сапары Байқоңыр қа­ласында қо­ры­тындыланды. Онда «Байқоңыр» ке­шенін дамыту мәселелері талқы­ланды.

«Сыр бойының»

тілшілер тобы.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 мамыр 2019 г. 639 0