Сол жағалау сәулеті

Облыс орталығында Бейбарыс Сұлтан көшесінен бастау алып, Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықты қамтитын жолда қызылордалықтар өзенді жағалай жүріп, әсем жағалауды тамашалауға да мүмкіндік алды. Ал, даңғыл бойындағы дарияның оң және сол жағалауын жалғайтын үлкен көпірден ауқымды құрылыс алаңына көз тастауға болады.

Мұндағы тірлік қызу. Көп­қабатты тұрғын үйлер, сән-салтанаты келіскен нысандар. Соның ішінде аймақтық «Руха­ни жаңғыру» орталығы мен «Қызылорда қаласы тарихы» музейінің орны бір бөлек. Тарих тылсымынан  сыр тартып тұрғандай. Осыған аз-кем тоқталсақ.

Ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымызға «қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Бір жыл бұрын оның ашылу салтанатына облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, «Бұл – Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріле бастағалы ал­ғаш құрылысы аяқталған нысан. Мәдени орталық астана болған Ақмешітте халыққа қыз­мет еткен Жалау Мыңбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Ұзақ­бай Құлымбетов, Әлихан Бөкейханов секілді Алаш қайраткерлерінің ұлт алдындағы еңбегіне құрмет іспетті» деген пікірін білдірген еді. Иә, орталық қазір Елбасы мақаласында  басымдық берілген бағыттарды жүзеге асыру мақсатында түрлі жобаны қолға алған. Директоры Нұрлыбек Мыңжастың айтуынша, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа мазмұнмен байытып отыр. Осы орайда биыл жаңа бастамалар жүзеге асады. Атап айтар болсақ, үш тілде «Қорқыттың даналық сөздері», «Сыр бойының сакральды ескерткіштері: мифтер, хикаяттар, аңыздар» жинағы, «Алаш қайраткерлерінің Ақ­ме­шіт-Қызылорда кезеңі», «Қорқыт ата кітабы» бірнеше нұсқалар бойынша қайта аударылып, жарыққа шығады.


Мөлдір Қалымбет.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 мамыр 2019 г. 384 0