Қырағы полиция

 Бұл оқиға жақында ғана Төретам кентінде болған еді.

Күнделікті күйбең тірлікпен үй жұмысын істеп жүрген Жаңагүл бір орындыққа отыра кетті. Осы кезде оның есіне бірдеңе түсті ме, әйтеуір ойы алаң-құлаң болды да қалды. Не ұмытты екен... Нендей жұмысы бітпей қалды? Ойлана келе, отырған орнынан атып тұрды. Мерей қайда? Жаңа ғана көз алдында былдырлап жүрген кішкентай Мерей қазір жоқ. Дереу үй ішін, ауланы сүзіп шықты. Көршілерге де кіріп шықты. Екі кештің ортасында үй іші азан-қазан болды да қалды.

– Жаңа ғана жүрген еді ғой.

– Ол әзірде мына жерде ойнап отырған.

Иә, жарты сағат бұрын ғана аулада ойнап жүрген кішкентай Мерей ұшты-күйлі жоғалып кетті. Үйде де, аулада да, жақын көрші­лердің үйінде де жоқ. Не істейміз?

Дереу есін жиған көршілер кезек­ші полиция бөліміне хабарласты.

Ал, өз кезегінде мән-жай­ға қаныққан ҚР Ішкі істер ми­нистр­лігінің «Байқоңыр» кеше­ніндегі өкілдігінің басшысы қыз­­ме­­тінің міндетін атқаратын поли­ция подполковнигі Қасым Әбуов өкілдік қызметкерлерін ұйым­дастырып, баланы іздестіру жұмысына жедел кірісіп кетті.

Арнайы тапсырма алған полиция қызметкерлері тұрғындармен бірге Төретамның әр аймағына бөлініп, кент көшелерін аралауға кірісті.

Міне, біршама уақыттан кейін «бала табылды» деген  қуанышты хабар да жетті.

Осы жайтты біз де естіп, по­лиция бөліміне ха­бар­ласқанымызда өкіл­дік бастығы Қасым Әбуов оның аман-есен ата-ана­сына тап­сы­рыл­ғанын айтты. Кішкентай Ме­рей­дің белгісіз жаққа кетіп бара жат­қан жерінен тауып алып, ата-анасына тап­сырған  полиция лейтенанты Нұржан Әбенов екен.

Кезекші­нің «Төретам кентінде бір балақай жоғалып кетті» деген дабы­лын естіп, басшылық тапсырмасымен дереу іздестіруге аттандық. Бұл ша­раға бізбен бірге кент тұрғын­дары да қатысты. Әрқайсымыз алған тапсырмамен өзімізге бө­лінген  нысан бойынша іздестіру шарасына кірісіп кеттік. Мен кенттегі өзіме бекітілген аумақта кездескен тұрғындардан сұрастырып келе жатып, Күләш Байсейітова көшесіне түстім. Сәл жүргеннен кейін, алыстау жерде бір бүлдіршіннің кетіп бара жатқанын көріп, жүгіре жетіп, оны көтеріп алдым. Атын айта алмайды екен. Халық болып іздестіріп жүрген сәбиіміз осы екенін жүрегім сезген болар, дереу рация арқылы басшылықпен байланыстым. Сәлден кейін біздің жігіттер де келді. Жоғалған Мерей екеніне көзіміз жетіп, оны ата-анасына тапсырдық, – дейді қырағы полиция қызметкері.

– Жаңа ғана жанымда ойнап жүрген Мерейімді таба алмай, оны еш жерде жоқ дегенді естігенімде  дүние төңкеріліп кеткендей болды. Дауысым шықпай, көз алдым тұманданып кетті. Тіпті, баламнан айырылдым ба деген жаман ой да келді. Айналайын, полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында  көп ұзамай Мерейім табылып, құшағыма қыстым. Қуанышымда шек жоқ. Полиция қызметкері Нұржанға, іздестіруді жылдам да сапалы атқарған  бөлім бастығы Қасым Әбуовтай іскер азамат басқарған ұжымға аналық алғысым шексіз, – дейді Мерейдің анасы Жаңагүл.


Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ.

Төретам кенті. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 мамыр 2019 г. 606 0