Сексеуілде қалған қос құрдас

  Әріптесім Мәди екеуміз Сексеуілге қарай тартып келеміз. Аудандық газетте қызмет ететін қарымды тілшінің жаныма серік болуы менің де сапарымның оң болуына біраз септігін тигізгендей. Айтпақшы, Сексеуілге келе жатуымның себебі – аудан бойынша көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагерлері Берден Тұрсынбаев пен Талжан Жанасовтай батыр аталарымыздың қолын алып, батасын есту, реті келсе, басылым бетіне айшықтап жазу еді.

Қош, барар межеге де жеттік. Жыл басынан бері әкім болып тағайындалған Сәкен Төрешов күтіп алып, кент ішіндегі бірсыпыра атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Теміржолмен тығыз байланысты ауылдың әлеуметтік жағынан көп ілгерілеушілік бары бай­қалады. Ауылды жеңіл көлікпен аралай жүріп, негізгі бағытымызға да таяп қалыппыз. Міне, енді әкімнің өзі бас­тап Берден атаның шаңырағына әкеп түсірді.

 

Берден ата


...1925 жылы осы өңірде туған Берден ақсақал жасы он сегізге толар-толмас соғысқа кірген. Алдымен Ақмолада әскери дайындықтан өтіп, кейіннен ІІ Беларусь майданындағы атқыштар дивизиясында жауынгер болыпты. Калинин қаласын азат етуге қатысып, жеңісті Рошаль қаласында қарсы алған. Жеңіске дейін ұйқы-күлкіден айырылып, сұрапыл күндерді бастан өткерген Берден атаның елге 1948 жылы қайт­қанын бірі білсе, бірі білмейді. Белорус­сия маңындағы ұрыста сол аяғынан ауыр жарақат алған жігіт, айыққан соң шекарада қолға түскен неміс солдаттарын қарауылға алып, соғыстан кейінгі қираған қалаларды қалпына келтіруге атсалысқан. Елге келген соң шойынжол бойына жұмысқа орналасып, машинист көмекшісі, кейіннен машинист болып еңбек еткен қадірлі қария 1980 жылдан бастап зейнетте. Алла нәсіп еткен жары Ырзагүл апамызбен бірге Қасым мен Есім атты қос ұл сүйіпті. Бүгінде қос ұл мен келін-немерелерінің қызығына батып отырған Берден ақсақал жайлы сексеуілдіктер осылай айтады.

Иә, ақсақалдың өр кеуде­сінде жар­қы­раған сансыз медаль мен орден-жұлдыздар жа­уын­герлік жолдың ай­ға­ғы іспеттес көрініп тұр. Әсіресе, осы­лардың ішінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жең­­гені үшін» медалінің өзгелерінен шоқтығы биік.

Айтпақшы, соғыс жайлы қызықты деректі бастан өткізген адамның өзінен естігенге не жетсін. Бірақ, қаһарлы соғыстың қасіреті мен кәрілік деген кесірдің екі жақтап қысуынан болар, Берден атаның бір ауыз лебізін есту мүмкін болмады. Құлақ нашар естігенмен, жанары ашық, көкірегі ояу қария біздің неге келгенімізді бәрібір біліп тұрды. Қасына ымдай шақырып, Сексеуілдің көктемгі суық желіне тоңған қолымды сүйе берді, сүйе берді. Қарттықтың ауылында қалып, еңсесі еңкіш тартқан қарияны мен де құшағыма қыстым.


Талжан ата


Атамыз тың екен. Құлақтың сәл ауыр еститіні болмаса, шүкір, Талжан қарияның есік алдына кіріп-шығуы оңай көрінеді.

– 1942 жылдан бастап 1945 жылдың тамыз айына дейін сұрапыл соғыста болдым. Бейбітшіліктің қадірін сон­да түсіндім. Әуелі, өзі­міздің Ақмолаға апарып, 4 айдан астам соғыстың әдіс-тәсіл­деріне үйретті. Содан соң қан­ды майданға араластық.  Алдымен Варшава, І Украина майданы, одан Чехословакия, соңында IV Украина майдан шебінде соғыстым. Жаяу әскер болдым. Жеңісті Германияда қарсы алдық. Соның айғағы мынау, – деп кеудесіндегі «Германияны жеңгені үшін» медалін көрсетті бізге соғыс ардагері.

Мұнан өзге ардагердің екі мәрте «Ұлы Отан соғысы», «Ерлігі үшін», Жеңістің мере­келік медальдарын кеуде­сінен байқау қиын емес.

– Балалық шағымыз да, жастық дәуреніміз де қиын кезге, соғыс уақы­тына тұспа-тұс келді. Соғыстан кейінгі жылдары нан атаулы таптырмайтын еді. Қазіргі тоқшылық біздің түске де кірмеген. Қара су мен қара нанды талғажау еткеннің соңы біз болайық, – деп ақтарылды  ата.

95-ке келген Талжан ата осылай шүкір­шілік айтады. Құдай қосқан қосағы Раушан анамызбен бірге жеті баланы өсіп-жетілдірген ардагер соғыстан соң теміржол саласында еңбек етіпті. Бүгінде шаңырақ иесі кенже ұлдың қолында отырған  атаның 50-ге жуық немере-шөбересі бар.

– Шырағым, соғыс атаулы болмасын. Қазір сендердің, жастардың заманы. Бүгінгідей заман тыныштығы ол кезде болған жоқ. Лайым, осындай елдік пен бірліктен ажыра­майық. Тәуелсіздікті қадірлей біліңдер. Ұрпақ аман болып, ауру-сырқау, бәле-жала бізде болмасын, – деп батасын беріп, бет сипады атамыз.

Айтпақшы, ауданда қалған көзі тірі қос ардагер – Талжан ата мен Берден ата түйдей құрдас екен. Отан қорғау үшін өлім мен өмір арпалысқан ұрыста ерлік танытқан қадір­менді қарттардың ерлігі бізге ұмы­тылмас үлгі-өнеге екені анық.

Сөз соңында. Бір Сексеуілдің өзінен 200-ден астам жігіт соғысқа аттанса, аудан бойынша 900 мыңнан әрі адам майданға кеткен. Ресми дерек бойынша, оның 41-і қыз-келіншек. Солардың 5 мыңға жуығы елге оралса керек. Қалғаны сол ұрыс даласында қайтыс болды немесе хабар-ошарсыз кетті. Аралдық майдангерлер қатарында бір Кеңес Одағының Батыры, 20-дан астам ІІ және ІІІ «Даңқ» орденінің иегері шықты. Мұнан басқа мыңдаған жауынгер орден-медальдармен марапатталды. Айналып келгенде, ақиқаты анық қанды қырғынды бастан өткерген аталар ерлігі ұрпақ санасында мәңгілік қаша­лып жазылуы тиіс.


Ержан ҚОЖАСОВ,

Арал ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 мамыр 2019 г. 580 0