Еңбекпен еңсе тіктеген

Биылғы қармақшылықтар 22 мың гектардан астам егін екпекші. Оның ішінде күріш, бидай, жоңышқа, картоп, көкөніс және түрлі бақша өнімдерімен қатар, мақсары мен соя да бар. Сыр халқының бренді есепті күріш дақылынан басқа біз айтып өткен соя дақылын «Тұрмағамбет» және «Жаңажол» ЖШС 40 гектар жерге  өсіруді қолға алған. Былтыр күзде 7 мың гектар егіс жері арнайы дайындалып, бүгінде аудан шаруашылықтары бойынша 2271 гектар жаңа жоңышқа, 302 гектар мақсары, 536 гектар жаздық бидай және 125 гектар  арпа дақылы егіліпті. Ал биылғы көктемгі егіске 4200 тонна күріш тұқымы арнайы дайындалған.


Жаңарған «Жаңажол»


Сонымен кезекті журналистік сапармен Дүр Оңғар ауылына бардық. Бір ғана «Жаңажол» серіктестігі айналасында қызмет ететін ауыл тұрғындары өзге аймаққа үлгі боларлықтай. Себебі, мұндағылар көктем шығысымен дала жұмысына аттанады. Іздеген адамыңды осында табасыз. Себебі түсінікті. Таң атысымен күн еңкейіп батқанша егістік басында жүретін ауылдағы ағайын «еңбектің наны тәтті» екенін әлдеқашан түсінген.

Былтыр 3200 гектар күріш егіп, әр гектарынан 74 центнерден өнім алған «Жаңажол» ЖШС облыстағы ең үздік шаруашылық атанғанын білетінбіз. Мұнан өзге 100 гектар бидай, 1250 гектар ескі және жаңа жоңышқа тұқымын сепкен шаруашылық 2017 жылдан бастап 4 гектар жерге алма көшетін отырғызған. Сонымен қатар, 6 гектар жерге ауылға қажетті бақша дақылдары мен көкөністе егілген.

– Бүгінде шаруашылық құра­мында 400-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Өзі Дүр Оңғарда 400 үй болса, әр үйден бір-бір адамнан шығып отырған іспеттес қой. Былайынша айтқанда, есепке салсақ, 70%-тен астам ауыл тұрғыны осы шаруашылықтың түрлі саласында жүр. Биылғы көктемгі егіске тыңғылықты дайынбыз. Жанар-жағармай мен тыңайтқыш қоры да жеткілікті. Ал енді, биылғы жаңалығымыз – Алматыдан «Жан­сая» сортты соя тұқымын әкелгенбіз. Бұл дақылды 20 гектар жерге ектік. Бұл – бір. Екіншіден, көрші Иіркөлдегі Жа­ңатұрмыс шаруашылығына 250 гектар жерге күріш өсіруге кө­мектесудеміз. Онда қазір 10 шақты адам жұмыс жасап жатыр. Ал өзімізде  3000 гектардан астам жерге егін егу жоспарлануда, – дейді шаруашылықтың бас агрономы Төлеу Ералиев.
Бас агрономнан жұмысшылар мен күрішшілер, механизатор мен көлік жүргізушілердің әлеу­меттік жағдайына тоқталып, жал­­ақы мен тұрмыс жайының ахуалын сұрағанымызда да, шү­кір­­шілігінен жаңылған жоқ. Тұрақты жалақы, түрлі деңгей­дегі сыйақы,  оннан астам озат егіншіні (оның ішінде, су­шы, комбайнер, механизатор, күріш­ші, т.б.) Жаңақорған шипа­жайына жіберу дәстүрге айналған.
– Ауылдың кез келген тұр­ғынына қол ұшын созып, көмек­тесу – біздің мойнымызда. Жеке бақшалық жерлердің жерін жырту, арығын кеңейту, пішен шабу, шөп тасу сияқты жұмыстарға техника жағынан, тіпті үй салам деушілерге облыстан құрылыс материалдарын жеткізуге біз­дің жүк көліктері әрдайым дайын. Сонымен бірге, биыл әлеу­меттік жағынан аз қамтылған әрі мүмкіндігі шектеулі ауыл тұрғынына серіктестік баспана салып бермекші. Ал қысқы отын мен мал азығы және ақшалай көмек көрсету жағын басшылық жағы ұдайы назарда ұстап келеді. Тағы бір айта кететін жайт, өндірген өз күрішімізді туған ауылымызға тоқсан сайын, мысалы бір отбасыда 10 адам болса, кісі басына 10 келіден, жалпы 100 келі ақталған дәнді 70 теңгеден аспайтын бағамен беріп отырмыз. Бұл да – үлкен бір көмек, – дейді бас агроном.
Туған ауылын түрлендіруге ұмтылған осындай шаруашылық басшысы Орынбасар Төлеповпен кездесудің сәті түспеді. Біз бар­ғанда, қызметтік сапарда жүрген азаматтың өз еліне жасаған жақ­сылығын ауыл тұрғындары да ризашылықпен айтады. Айт­пақ­шы, жылына 18 мың тонна­дан астам өнім өндіретін «Жаңа­жол» ЖШС-ның күріші респуб­ликаның түкпір-түкпіріне таралып жатыр. Былтыр ғана көр­шілес Қытайдан 60 миллион теңгеге жуық қара күрішті өңдейтін зауыт, қырман орнатып, құрал-жабдығын ал­дыр­ған еді. Күніне 60 тоннаға дейін күрішті ақтауға қауқары же­тетін жаңажолдық қырманның өнімі енді сырт елдерге де экс­портталмақшы.
Дүр Оңғарда жүріп бір байқағанымыз, күрішші болуға ынталы болып, егістік маңына үйірсектеген жастар көбейген. Бұрынғыдай үдере қалаға тартып кетіп, қайта оралмайтын жас буын бүгінде ауылдан табан аудармай жер несібесін теріп жүр.

Ардақтың
азаматтығы

Иіркөлге кіреберіс тақтайдай тегіс жол басында кездескен Ар­дақ есімді азамат бізді егіс басына қарай бастады. Өзін осы ауылдың тумасымын деп таныстырған 30-дағы жігіттің дала жұмысына икемді екені бірден байқалады.
– Біздің Иіркөл бұрын мынау Байқоңырға қарасты әскерилер қоныстанған ауыл ретінде белгілі.  Егістікке кейінгі жылдары бет бұруда.  Шыны керек, бұрынғы жалқаулық көзқарас қалыптасып қалғанын жасыра алмаймын, – деп бастады ол әңгімесін.
Ардақтың айтуынша, тәуел­сіздік алған жылдары, әскери­лердің де жұмысы тоқтап, мұн­дағы казармалар бос қалған. Сол кезгі еңсесі түсіп кеткен ауылдың жағдайы қазіргімен мүлде салыстыруға келмейді. Міне, енді былтырдан бері өз ойын әбден пісірген Ардақ ауылында «Жаңатұрмыс» қожалығын құрып, 50 отбасының жер үлестік пайын алып, төрағалық етіп отырған жайы бар.
– 7600 гектардан астам жер бар. Шүкір, бұл Иіркөл топырағы ұқсата білсең, жайылымдыққа да, егістікке де қолайлы. Бүгінде 250 гектарға күріш егіп, суға бас­тырып болып отырмыз. 10 гектар жерге бақша дақылдарын екпекпіз. Арық-атызын жөндедік, су жүретін  жері де дайын. Сіз таңқалып отырған боларсыз, әрине, мұндай жерді игеруге техника керек, бірақ, маған «Жаңажол» ЖШС көп көмегін тигізіп жатыр, –  дейді Ардақ Мырзахметов.
Жас жігіт «Жаңажол» ЖШС-мен бес жылға келісім-шартқа отырып, өз жұмысшыларының жұ­мыспен қамтылуына ықпал еткен. Енді ауылындағы өз қа­тар­ластарын егістік басына ша­қырып, қауын-қарбыз бен картоп-жуа егетін аумақта жер кет­пендеп жүр. 10 адамды тұ­рақты жұмыспен қамтыған Ар­дақтың ендігі мақ­саты – келер жылы жер көлемін ұлғайтып, 1000 гектарға егін ек­пекші. Ол кезде тұрақты жұ­мысқа ту­ған ауылдың азамат­тарын тар­туға үлкен мүмкін­дік пайда бола­тынын айт­қан ол, «қолы қимыл­дағанның аузы қимыл­дай­тынын» өз ауылдастарына үне­мі айтып келеді.
Ардақтың азаматтығы осында. Өз ауылының гүлденуіне қайрат қосып жүрген ұлға сәттілік тілеп, біз де жүріп кеттік.

Ержан Қожасов,
Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 мамыр 2019 г. 411 0