Қарулы Күштер – ел қорғаны

Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­терін құру туралы» Жарлығы шықты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­дағы Беловеждегі Ресей, Украина, Беларусь басшылары кездесуінің нәти­жесі бұрынғы Кеңес Одағы рес­пуб­ликаларының және оның бір­тұтас қарулы күштерінің бөлінуін жыл­дамдатқанын тарихтан білеміз. Елбасы сол тұстағы қалыптасқан жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамта­масыз етудің маңыздылығын ескере отырып тарихи шешім қабылдады.

Жарлық шыққан жылы күзгі әс­керге шақырудан бастап жас сарбаздар Қазақстан Республикасына ант берді. Ант қабылдау армия тарихында жақсы дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мереке күні болып хабарланды әрі салтанатты жағдайда өткізілді. 1993 жылдың 19 қаңтарынан Қазақстан Республикасының «Жал­пы әскери міндет және әскери қызмет» Заңы қабылданып, онда әскери қызметті атқарудың негізгі ережелері, азаматтарды дайындау мәсе­лелері, оларды белгіленген нақ­ты әскери қызметке шақыру және босату, азаматтар мен лауазым ие­лерінің заң бұзушылыққа жауапты екені көрсетілді. Тәуелсіздік алғалы Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақ­тың және техниканың орналасу мәсе­лесін шешеді.

Қазір еліміздің Қарулы Күштері –  әскери басқару органдарын, Қа­ру­лы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтитын іргелі құрылым. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс өңірліктерге бөлінді. 7 мамыр – Отан қорғаушы күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік мере­кесі деп белгіленді.

Ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейту жолында еңбек етіп, күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Күштік құ­рылымдар заманауи техника мен тех­нологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды.

 Биылдан бастап Қарулы Күштердің мыңдаған азаматтық қызметкерлері  «Әскери баспана» жаңа бағдарламасы бойынша баспана алу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа оқу жылын «Рухани жаңғыру» – жауынгерлік рух тірегі» ұранымен бастаған Қазақстанның Қарулы Күштері әлеуетін, жауынгерлік даярлықтың қарқынын арттыра түспек.

«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 мамыр 2019 г. 1 118 0