“АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕЛЕРІНІҢ АЛАР АСУЫ АЛДА

“АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕЛЕРІНІҢ АЛАР АСУЫ АЛДА

«Бүгін баршамыз үшін білім жолындағы тынымсыз еңбектің нәтижесін сезінетін күн. Себебі, өздеріңіздің білікті азамат екендеріңізді дәлелдеп, білімнің жоғары шыңынан көріне білдіңіздер. Сіздер бүгінде мәңгілік Қазақ елінің түп қазығы, іргетасы болып танылуларыңыз қажет. Өйткені, байлығымыз да, бақытымыз да болған тәуелсіздігімізді баянды ету білімді ұрпақтың қолында. Олай болса, біз сіздердің бәсекеге қабілетті, рухы мықты ұлтжанды азамат ретінде қалыптасып, елдіктің ұраншысы, өркениетті елдің қозғаушы күші болатындарыңызға сенеміз» – деген облыс әкімі мұнан әрі білімді ұрпақ қалыптастыру бағытында жасалып жатқан игі істерге тоқталды.

«Қазіргі таңда білікті мамандар даярлау үшін өңіріміздің жастарына ерекше көңіл бөлінуде. Оның бірден-бір дәлелі облыс әкімінің оқу грантының берілуі. Өткен жылы аз қамтылған отбасынан шыққан 123 дарынды балалар осы арнайы грантпен қамтылса, биыл бұл қолдауға 177 түлек қол жеткізді. Облыстың 153 түлегі Ресейдің бюджеті есебінен Москва қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне оқу мүмкіндігіне ие болды. Ал, 41 өреніміз Санкт-Петербург мемлекеттік тех­но­логиялық өсімдік полимерлері университетінде білім алатын болады», - деді аймақ басшысы.

“АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕЛЕРІНІҢ АЛАР АСУЫ АЛДАМұнан кейін облыс әкімі мен «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Фан Цзячжун аймақ мақтанышы болып, білім бәйгесінде дара шыққан 94 түлекке «Алтын белгі» мен ноутбук сыйға тартты. Дарабоздардың осындай ізденісі жолында балаларының бақыты үшін түн ұйқысын төрт бөлген ата-аналар мен шәкіртінің жетістігі үшін көз майын тауысқан ұстаздар қауымының еңбегі ерекше. Оны ұмыту әсте мүмкін емес. Осы тұста «Алтын белгі» иелерінің атынан Фариза Нұрмағанбетова сөз сөйлеп, барша ата-аналар мен мұғалімдерге алғысын білдірді. Сондай-ақ, ел игілігі аясында аянбай еңбек етіп, өздеріне артылған сенімді ақтауға барша білім озаттары уәде етті.

Жалпы, үлкен құрметке ие болған түлектердің бұл кеште қуанышында шек болмады.

«Бүгін шынында да ерекше күн. Біз үлкен белестің бірінен өтіп жаңа өмірге қанат қағып жатырмыз. Маған қолдау көрсетіп, осындай жетістікке жетуге атсалысқан ұстаздарыма, ата-анама алғыс білдіремін. Сонымен қатар, жақсы бір кеш сыйлап, барлығымызды қуанышқа бөлеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа айтар алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта артылған үмітті ақтаймын деп ойлаймын. Барша түлектерге тек сәттілік тілеймін», – деді Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университеті грантының жеңімпазы, Шекер Ермағанбетова атындағы № 246 мектептің түлегі Батырбек Жүніс.

Осылайша, әсем ән мен көркем би өрілген кештің ізгі тілектері толассыз жалғасып, өз мәресіне жетті.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ 19 маусым 2014 г. 1 621 0