Ардагерлерге ақ тілекпен

  Қызылордадағы «Grand Plaza» мейрамханасында Жеңіс күні қарсаңында мерекелік дастарқан жайылды. Соғыс және тыл ардагерлерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, екінші дүниежүзілік соғысқа Сыр өңірінен 70 мыңдай адам аттанған. Жеңістің жетпіс төртінші көктемін соның 25-і қарсы алып отыр. Сонымен қатар, әкелері мен бауырларын майдан даласына жіберіп, өздері бозбала, бойжеткен шақтарын ауыр еңбекпен өткізген 4809 тыл еңбеккері ортамызда.

– Аға-апаларымыздың ерен ерлігі, жанқиярлық еңбегі мен маңдай терінің арқасында жеңіске қол жеткіздік. Бейбіт заманда, ашық аспан астында өмір сүріп жатқаны үшін бүгінгі ұрпақ өздеріңізге мәңгілік қарыздар. Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, қатарларыңыз сиремесін деп тілек білдіреміз, – деді аймақ басшысы.

Уақыт жылжыған сайын қатары сиреп бара жатқан қарттарды құрметтеудің қадірі арта түсетіні даусыз. От пен оқтың ортасына түсіп, Отан қорғаған ардагерлердің ерлігін қалай дәріптесек те, оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Айта кетейік, Жеңіс мерекесіне орай соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық, әлеуметтік көмек көрсету мақсатында облыстық және жергілікті бюджеттен 404,4 млн теңге бөлінді. Одан бөлек, мереке аясында облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары ардагерлердің үйлеріне барып, аймақ басшысының құттықтауын табыс етіп, тілектестік білдірді.

Салтанатты шара барысында қазыналы қарттарға концерттік бағдарлама ұсынылып, сый-құрмет көрсетілді.







Назерке САНИЯЗОВА,

Фото авторы: Нұрболат Нұржаубай
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 мамыр 2019 г. 577 0