Қызылордада ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанынан облыстық сайлауалды қоғамдық штабы ашылды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен брифинг барысында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалындағы сайлауалды қоғамдық штаб құрамы партия өкілдерімен елге танымал қоғам қайраткерлерінен, жасақталған. Штабта өткен сайлау науқандарына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтармен қатар жастар ұйымдарының белсенді өкілдері еніп отыр.
Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық штаб төрағасы партияның кезектен тыс XІХ съезі шешімімен ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылғанын еске салып, облыстық штаб жұмысының негізгі міндеті – «Nur Otan» партиясының атынан ұсынылған үміткерге қолдау көрсету екенін айтты.
– Облыс бойынша 10 штаб жұмыс жасайды. Оның 1-і облыстық, 2-уі Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және 7 ауданда. Штабтар өзінің жұмысын, Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарына сәйкес, 11 мамырдан ресми түрде жүзеге асыратын болады. Қазір облыс бойынша 366 сайлау учаскелері нақтыланды. Барлық учаскелерге 1098 сенімді өкіліміз тіркелді. Штабтың барлығы материалдық - техникалық құралдармен жабдықталған, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сыр өңірінде «Nur Otan» партиясының 51 мыңнан астам мүшесі топтасқан 272 бастауыш партия ұйымы бар. Брифинг барысында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық штаб төрағасы, сайлау кезінде заңмен рұқсат етілген барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, осы ресурстардың бәрін іске қосатынын да атап өтті. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, қазіргі таңда ең жедел де ауқымды сала болып отырған әлеуметтік желілер мен интернеттің мүмкіндігін де барынша тиімді пайдалануға жұмыс жасайтынын мәлімдеді.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».