Билер кеңесі – ұлттық құндылығымыз

 Сотсыз татуласу жобасын жүзеге асыруда Сыр елі өзге аймақтарға үлгі болып келеді. Соның бір дәлелі облыста құрылған Билер кеңесі.

 Бір ауыз сөзге тоқтайтын қазақтың ұрпағы кейінгі кезге соттасуға неге құмар? Болмашының себебімен араздық туа қалса «сотқа беремін» дейтіндер қатары неге көп? Мұндайда кесімді пікір айтып, дауласқанды бітістіретін аузы дуалы ақсақалдың ақылы жетіспей жатқаны шындық. Демек, Билер кеңесі қоғам сұранысына сай.

Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Билер кеңесі – ұлттық құндылығымыз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, алқа төрағалары, судьялар, отставкадағы судьялар, облыстық, қалалық прокуратура, және медиаторлар қатысты.

Облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев Билер кеңесі қоғамдағы жанжалды азайтып, кейбір дау-дамайды сотқа жеткізбей шеше алатынын атап айтты. «Көшпелі қазақ қоғамының билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Билер соты ұрпақ жадында тәуелсіз, кәсіби және дана сот ретінде сақталып, қазақ халқының тарихына терең із қалдырған. Өңірімізде беделді, өмірлік тәжірибесі бар, кесімді шешім айтатын ардагерлер бар» деді ол.

Облыстық соттың судьясы Нұрлыбек Қосанов «Билер кеңесі – еліміздің сот жүйесінің дамуының негізін қалаушы» тақырыбында баяндама жасап, қазақ тарихында есімі белгілі билердің ел ішіндегі дау-дамайды әділ шешіп, араздасқандарды елді бітімге келтіргенін атап айтса, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов Билер кеңесінің қоғамдағы роліне тоқталды.

- Бұл құрылымның пайда болуы бүгінгі құқықтық өміріміздің байырғы дәстүрлі құқықтық мәдениетімізбен тарихи сабақтастығының көрінісі. Қазақ халқы өзінің жаңа жағдайдағы мемлекеттік және құқықтық болмысын бай өмірлік тәжірибесіне, ұлттық бітіміне, озық өнеге, тәлімді дәстүріне сай құрғысы келетіндігінің белгісі. Халқымыздың дәстүрлі билер институтының  оның ішінде  төрелік, ара ағайындық айту мәдениетінің қайта түлеуге талпынысы көңіл аударуға тұрарлық жағдай.  Сондықтан сіз бен біз болып, атқарушы билікпен бірігіп, билер институтын қайта жаңғыртудан ұтарымыз көп болмақ. Әрбір ауылда беделі жоғары, халық сеніміне ие болған абыройлы азаматтар бар. Соларға арнайы курстар оқып, би атаған беруге болады деп ойлаймыз. Олар ешбір бюрократиясыз  кеңесу арқылы, ортақ шешімдер қабылдап, соттардың жұмысын жеңілдетуге қолғабыс жасайды. Халықтың салт-санасымен үйлескен шешім шындыққа жақын болады, – деді.

Шарада заң ғылымдарының кандидаты, доцент Жанат Исаева билер кеңесінің жалпы әлемдік өркениеттегі орны туралы мазмұнды ақпарат берді. Жоғарғы сот басшылығы дауды шешудің тағы бір жолы ретінде билер кеңесін қарастырып отыр.

Билер кеңесі – Елбасының дауларды соттан тыс шешу, қоғамда тұрақтылықты сақтау, ұлттық сананы жаңғырту арқылы дауларды бейбіт шешу туралы тапсырмаларын жүзеге асыруға және Жоғарғы Соттың сотқа дейінгі татуласуды дамытуға бағытталған жергілікті әкімшіліктің жанынан құрылатын кеңесші орган.

– Билер кеңесіне мүше болып жасы кәмелетке толған, Қазақстан Республикасының азаматы, кеңес құрылған аумақта тұрақты тұратын, өз ортасында зор беделге ие, аузы дуалы, халықты салт-дәстүрін жете білетін, кикілжіңді шешуде тәжірибесі бар, халыққа танымал қоғам қайраткерлері, өмірлік тәжірибесі мол азаматтар мүше болады, – деді ол.

Шарада сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов аймағымызда билер кеңесінің құрамы бекітіліп, жұмысын бастағанын айтты. «Ағайынның арасында араздық туа қалса, алыстан бақылап, кез келген мәселеден өзімізді аулақ ұстайтынымыздың әсерінен қоғамда болмашыны сотқа дейін жеткізетін көріністер белең алды. Билер кеңесі мұндай келеңсіздіктің алдын алады деген сенімдеміз. Құрамына абыройлы, тәжірибелі, көргені мен түйгені мол азаматтар таңдап алынды» деді басқарма басшысы.

Шара барысында облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев өңірімізде құрылған билер кеңесінің ережесі мен мақсат-міндеті және кеңес құрамымен таныстырды.

Билер кеңесінің төрағасы отставкадағы судья Зейнулла Нұрсейітов алғаш қадамын басқан кеңестің алғашқыда іс бастауы оңай емес екенін айта келіп, қоғам сеніміне қызмет атқаратынына сендірді.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова билер кеңесінің ықпалды қызмет атқаруы үшін әлде де механизмдерін жетілдіріп, семинарлар жиі ұйымдастырылғаны жөн екендігін жеткізді.

 Шара түйінінде қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып,  билер кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

«Сыр бойы»

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 мамыр 2019 г. 925 0