Жастар жылы аясында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Creative» облыстық жас педагогтар форумы өткізілді. Форумның секция жұмысы «Табысқа жетелейтін идеялар» және «Online Times» әлеуметтік желінің психологиясы тақырыбына сай өрбіді.
Форумның пленарлық кезеңінде облыстық жастар кеңесінің жетекшісі Жанар Сағындықованың жыл барысында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды. Облыстағы белсенді жастардың бірі, №3-ші IT мектеп-гимназиясының мұғалімі, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы мен Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе?..» атты республикалық жас ақындар айтысының жүлдегері Ержеңіс Әбді шығармашылық ойларымен бөлісіп, жалпы бүгінгі қоғамның қызу талұысында жүрген "Педагог мәртебесін көтеру" мәселесіне орай өзіндік тұжырымды пікірін жеткізді.
Мемлекеттік Жастар саясатында талантты жастарды қолдап, олардың өнері мен шығармашылығына, талабы мен таңдауына барынша мүмкіндік жасауға басымдық берілген. Осы ретте білікті жас ұстаз, Сырдария ауданы №35 мектеп мұғалімі Айдана Жакеева келешекке нық сенімін білдіріп, жастарға жалынды пікірін үш тілде жеткізді. Сол секілді, білім мен шығармашылықты тең ұстап, республикалық «Zhas Project» гранттық жобасының жеңімпазы атанған, Қазалы ауданы №103 мектебінің мұғалімі Жаннат Ержігітова «Жетістікке жету жолы» тақырыбындағы тәжірибесі туралы айтты.
Ал, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Талғат Тілес аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсе, «БАҚ және Педагог» онлайн курстарының авторы Жасұлан Жақыпов Жастар жылында бәсекеге төтеп бере алатын, өзіне деген сенімі мол жастарды ел игілігіне еңбек етуге үндеді. Жастар кеңесінің кәсіподақ белсенділері патриоттық рухтағы көріністер қойып, рухани үндестік пен биік межеге талпыныстарын танытты.
Форумда жастар өміріне қатысты келелі ойлар айтылып, ұрпақ тәрбиесіндегі ұтымды тәжірибелер сараланды. Шара соңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Т.Маханов бірқатар жас ұстаздарды, кәсіподақ көшбасшыларын "Алғыс хатпен", облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова облыстық білім басқармасы және кәсіподақ комитетінің бірлескен Құрмет грамотасымен, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы С.Сермағанбетов Құрмет грамотасымен және облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапаттап, бірқатарына Астана қаласына туристік саяхатқа жолдама табыстады. Сондай-ақ, «Мамандығым-мақтанышым», «Мамандық таңдау – болашақты таңдау», «ХХІ-ғасыр мұғалімі» облыстық эссе байқауының жеңімпаздары арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар иеленді.
Ғазиза ӘБІЛДА