Қызылордада ер балаларға арналған медресе ашылады

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Әбуов өңірлік коммуникациялар қызметінде рамазан айына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында өкіл имам қасиетті айдың қадір-қасиеті мен медицина тұрғысынан адам денсаулығына тигізер пайдаларын баяндады. Рамазан айы, Қадір түні, Тарауық, Айт намаздарының басталу уақыты мен белгіленген пітір мөлшерін мәлімдеп, ораза ұстаудың шарттары мен үкімдерін толық түсіндірді, - деп хабарлады syrboyi.kz
– Мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы Рамазан айы мамырдың 6-нан бастау алады. Биыл 30 күн ауыз бекітеміз. Қасиетті Қадір түні – 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусым – ораза айттың бірінші күні. Рамазан айына орай өкілдік тарапынан жамағатқа тегін ауызашар беріледі. Уағыздар айтылып, ғалым ұстаздар шақыртылып, жамағатпен кездеседі. Мешіттерде арнайы Хатым құран оқылатын болады. Тарауих намазын өткізуге Түркия мемлекетінен қари шақыртылып отыр. Сонымен қатар, қайырымдылық акциялар мен «Сыр жастары жарысады» Умра байқауы өткізілмек, – деді Б.Әбуов.
Биылғы жылы пітір садақаның мөлшері 300 теңге ретінде бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
«Зекет» қайырымдылық қорының Сыр өңіріндегі өкілі Оңталап Жидебаев «Ел үлесі пәтерге» қайырымдылық жобасы туралы түсіндірді.
– Облыста 171 мешіт, ал қалада 10-ға жуық мешіт бар. Қаладағы әрбір мешіттердің алдына садақа жәшіктері қойылатын болады. Нәтижесінде қайырымды жандардың көмегімен рамазан айының соңында баспанаға мұқтаж отбасыға пәтер алып беруді жоспарлап отырмыз, – деді О.Жидебаев.
Елімізде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты Ақтөбе, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында 9 медресе бар. Ал біздің облыста шәкірттерді оқытатын арнайы медресесі жоқ болатын. Жақында облыс орталығынан 50 ер балаға арналған жатақханасымен қамтылған медресе жұмысын бастайтын болады.
Айта кету керек, рамазан айында ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен мұсылман адамға парыз. Ораза ұстап жүрген адам ұйықтап қалып, оянғанда таң атып кеткен болса, тамақ жемей оразасын жалғастырады. Сондай-ақ, өзінің ораза екенін білмей тамақты ішіп-жесе ораза бұзылмайды. Есіне түскенде немесе бір кісі ораза екенін ескерткенде дереу тоқтату қажет. Айлардың сұлтаны рамазан айында толық бір ай ауыз бекіту парыз. Айдың басында, ортасында және аяғында үш күн ораза ұсталынбайды. Айт намазы 5 маусым күні сағат 6.00-де оқылады.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 мамыр 2019 г. 731 0