Қызылордалық соғыс ардагерлеріне 202 мың теңгеден сыйақы беріледі
Қызылордада 9 мамырға орай 25 соғысының ардагеріне 202 мың теңгеден сыйақы беріледі, - деп хабарлайды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық және жергілікті бюджеттен 404,4 млн. теңге қаражат бөлінген. «Бөлінген қаржыдан 25 соғыс ардагеріне – 202 мың теңгеден, соғыс жылдарында жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін КСР Одағының ордендері мен медальдарымен наградталған 59 адамға – 126 250 теңгеден, соғыс жылдарында кемінде алты ай қызмет еткен 4750 адамға - 75 750 теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі», - делінген басқарманың таратқан хабарламасында. Айта кетейік, қазірде Қызылорда облысында 25 Ұлы Отан соғысының ардагері және 4809 тыл еңбеккері бар.