Ертеде Төле би атақты Әнет Бабаға сәлем бермекке келіпті. Қазаққа аты шыққан қарт би ынтымақ пен ырыс жайында сөз айтып отырса керек. Сонда жас Төле Әнет бабадан: «Қалай еткенде бірлік болады, оның мәні қандай болмақ?» деп сұраған екен. Бұған би бір топ буылған шыбықты ұсынып, осыны «сындырып көрші» десе керек. Жас Төле оны олай бір, бұлай бір иіп сындыра алмапты. Мұны көрген қарт би «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыр» десе, ол бұл жеке шыбықтарды оп-оңай быртылдатып сындыра беріпті. Әнет Баба жас баладан «Бұдан не түсіндің?» деп сұрағанда, Төле: «Мұның мәнісі - ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!», - депті. Сонда Әнет Баба: «Дәл таптың, балам! Ел билеу үшін, ең алдымен, ауызбірлік, ынтымақ қажет! Бақ қайда барасың - ынтымаққа барамын дегеннің мәнісі осы» деген екен.
Бабалардан қалған осынау өсиетті ұрпақ ұмыт қалдырмай, бүгін де Қазақстан әлемге ынтымағымен танылған мемлекетке айналды. Достық пен келісімнің нышанына айналған 1 мамыр мерекесі Қазақстан қоғамындағы біріктіруші факторлардың бірі десек те болады.
Қазақстан - мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандығы басты байлығына айналған, ал азаматтары жасампаздық пен даму идеясы айналасында біріккен ел. Сол тұрғыдан алғанда 1 мамыр мейрамы елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің, еліміздегі 130-ға тарта халықтардың ауызбірлігінің жарқын көрінісін паш етеді.
Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын. Қазақстан халқы бірлігінің арқасында 30 жыл бұрынғы халықаралық сарапшылардың деструктивті болжамдарының бәрін жоққа шығарды.
Міне, жақында ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Тұңғыш Президенттің сөзіне құлақ түрсек, 30 жыл бұрын ғана халықаралық сарапшылар Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан да - жаңа қақтығыс ошақтарына айналатынын болжапты. Олар осы аймақта қантөгістер мен күрестер жүріп жатады деп ойласа керек.
«Бірақ, тәуелсіздік жылдары біз - Қазақстан халқы бұл деструктивті болжамдардың бәрін жоққа шығардық. Біз бірліктің, ішкі саясаттағы прагматикалық бағыттың арқасында тарихтың барлық қақпанын айналып өттік, халықаралық жоғары дәрежеге ие болдық. Ішкі саяси істерді құрып жатқан біздің модель, біздің елдегі ұлтаралық қарым-қатынас уақыттың өзімен сыналып, бүгінгі таңда басқаларға үлгі болып келеді», - деді Елбасы.
Қазақстан өзге мемлекеттердей ұлттық өктемдікті танытып отырған жоқ. Бірлікті ту етіп, этностардың құқығын қорғауда ұсақ ұлттарға өзге елдерде жоқ жеңілдіктерді көрсетіп келеді. Украин немесе ұйғыр тіліндегі мектептің болуы, корей мен өзбек театрларының жұмыс істеп тұруы - соған дәлел. Яғни, азшылық ұлттың мәдениетін, тілін сақтау міндетін мемлекеттің өзі мойнына алып отыр.
Біздің еліміздегі 88 мектепте өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде өтеді. Ал 108 мектепте Қазақстан этностарының 22 тілі жеке сабақ ретінде оқытылады. Елімізде 15 тілдегі 35 баспасөз бар. 11 тілде телеарналарда бағдарламалар шығып жатыр. 14 орыс театры бар. Өзбек, ұйғыр және корей театрлары жұмыс істеп тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, мұндай тек біздің елде ғана бар! Жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан халқының бірлігі күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда, барлық облыс орталықтары мен аудан-ауылдарда қазақстандық толеранттық пен ынтымақтастықты, жарастықты тату тірлікті паш еткен шерулер мен фестивальдар, елімізді мекендейтін барлық ұлттардың этномәдени бірлестестіктерінің ұйымдастырумен басқа да мәдени шаралар, спорт жарыстары өтетін болады.