Жолаушылар төсек-орны ескі пойыздармен қатынап жүр

Төсек-орындары ескі, гигиеналық заттар жетіспейтін, техникалық байқаудан өтпеген вагондар жолаушылар тасымалдап жүр. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында «Адал жол» жобалық тобы жолаушылар пойыздарында осындай кемшіліктерді анықтады, - деп жазады syrboyi.kz.
Жобалық кеңсе қызметкерлері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен жергілікті көліктік бақылау инспекциясының мамандарымен бірге жолаушылар пойыздарында рейд жүргізген еді. Нәтижесінде №41 «Алматы-Атырау» жолаушылар пойызының 17 вагонының 16-сында төсек-орын жабдықтары 2017 жылдан бастап жаңартылмағаны анықталды. Заңдылығында алты ай сайын жаңартылуы қажет. 6 вагонында гигиеналық тазалық заттары жоқ, ауызсу қондырғылары орнатылмаған. Ең сорақысы, 6 айдан бері техникалық байқаудан өтпеген вагон қолданыста жүр.
№56 «Қызылорда-Көкшетау» пойызында да дәл осы сияқты кемшіліктер көзге ұрады.
– Жобалық топ құрылғалы бері жалпы 37 билетсіз азамат анықталып, 13 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Теміржол вокзалында жолаушылар пойызына заңсыз ақша алып, билетсіз мінгізіп жіберетін 6 қосалқы көмекші әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылды. Вагондардан техникалық, санитарлық және тағы басқа 80-нен астам кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктер негізінде акт толтырылып, кінәлі тұлғаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар рәсімделді, - дейді департамент басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 сәуір 2019 г. 938 0