Қазақстандық жас ІТ-маман, 11-сыныптың оқушысы Евгений Демиденко (ұлты беларусь) жаңа буынның сұранысына жауап беретін, YouTube видеохостингінің баламасын әзірлеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аса құрметті, Елбасы! Өткен жылы мен арнайы білімсіз-ақ цифрлық технологиялардың көмегімен Boeing 757 ұшағының базасы негізінде техникалық және жобалық ұшақтардың апгрейді бойынша жоба жасадым. Бұл жобаны менен Boeing компаниясы сатып алды. Қазіргі уақытта ол жоба Ұлыбританиядағы Кренфилд аэроғарыш университетінде іске асыру сатысында жатыр», - дейді жас маман ҚХА 27-ші сессиясында. Оның айтуынша, бұл жоба әуе кемелерін құрастыру құнын төмендетіп, жолаушылар санын көбейтуге, лайнердің қауіпсіздігін және энергия тиімділігін арттыруға арналған.
«Ең бастысы, бұл әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету персоналы қажет емес. Бұл гибридтік ұшақ. Қазірті таңда мен «I LEARN» мобильді қосымшасы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Бұл YouTube-тың баламасы. Тек жаңа буынның сұранысына сай келетінін айта кеткім келеді. Бұл жоба «Google scinse fair» олимпиадасында 25 мың қатысушының ішінен екінші орынды иеленді. Сонымен қатар, «Карманный логист» қосымшамды «Play Market» арқылы миллион адам қолдануда», - дейді ол. Евгений Демиденконың сөзіне құлақ ассақ, авиация өнеркәсібі, интернет-телевизия, биология, анимация және сауда логистикасы - IT-бағдарламалаудың арқасында жоба жасауға болатын салалардың тізімі. «Бұл жол бәріне ашық. Назарбаев Университетінде білімімді шыңдап, Қазақстанда жұмыс істегім келеді. Жастар бір-бірімен білімін бөлісуі керек. Мен «Зерен» жазғы лагерінің алаңында Ассамблеяның арнайы жастар маусымын өткізуді ұсынамын. Ол шараға мен Сізді шақырамын, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен бақыттымын! Тәуелсіз елім бар, көк байрағым, желбіреген жерім бар. Мақсаттарыма жетуіме ешбір кедергі жоқ. Мүмкіндігі мол елде өскен ұрпақтың өкілі ретінде Сіздің қамқорлығыңызға алғысым шексіз!», - деп түйді сөзін оқушы.
Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1 500-ден астам адам жиналды. Олардың ішінде бүкіл өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері болды.