Байқау жүлдесі жерлесімізге бұйырды

 Атырауда өткен “Саз пернесі – Сарайшық” халықаралық домбыра фестивалінде жерлесіміз Абылайхан Ысқақов жүлделі І орынды иеленді. Фестивальге елімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Қарақалпақстан елдерінен келген 20-дан астам өнерпаз қатысқан, - деп хабарлады syrboyi.kz сайты. 

 Ішекті-шертпелі домбыра тектес аспаптар арасында ұйымдастырылған конкурстың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, дамыту және ежелгі астанамыздың бірі, жеті хан жерленген киелі Сарайшық қаласын ұлықтау болатын.

 Қатысушыларға байқау барысында бірнеше талаптар қойылған. Біріншіден, мемлекет деңгейінде атағы бар адамдар қатыса алмайтын болса, екіншіден, шетелдік орындаушылар да өз музыкасымен бірге қазақтың күйін орындауға міндеттелген. Абылайхан Ысқақов бұл талаптардан сүрінбей өтіп, байқау барысында Жолдыбайдың “Қара жорғасын”, Баламайсаның “Дүниеғапыл”, Қазанғаптың “Жем суының тасқыны”, Есірдің “Күнтай”, Құрманғазының “Бұлбұл” күйлерін аса жоғары деңгейде орындап шықты.

  Осылайша, күйші түркітілдес елдер арасында өткен байқауда Сыр елінің абыройын тағы бір мәрте  асқақтатты.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ. 

        

        

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 сәуір 2019 г. 640 0