Қызылорда облысында қобызшылар ансамблі құрылады

Қызылорда облысында қобызшылар ансамблі құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жағымды жаңалық Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Жыр мұра» жобасының іске асырылуына арналған шарада белгілі болды. Игілікті іс Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бағыты бойынша қолға алынып отыр. Жобаны Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жүзеге асырады.
Алдағы уақытта Қызылорда облысының барлық ауданында жыраулық дәстүрді кеңінен насихаттауға көңіл бөлінетін болады. Бүгінде Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында жыраулар үйі өнерге құштар жас өрендерге тәлім берсе, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жыр мектептері қанатын кеңге жая қойған жоқ. «Жыр мұра» жобасы аясында сол аудандарда жыр мектептері ашылады. Сондай-ақ, облыс бойынша 14 қобыз үйірмесі тұсауын кеседі. Осының нәтижесінде жыр әлеміне қанат қаққан жаңа есімдерді кеңінен насихаттауға жол ашылады. Осы мақсатта облыстық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылады. Оған қоса барлық мәдениет үйлері мен клубтарда қобыз үйірмелері жас өрендерге қызмет көрсете бастайды.
«Жобаның мақсаты - халық арасында ұмытылып бара жатқан жыр-термелерді, мақам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртып келешек ұрпаққа табыстау. Осының нәтижесінде Қорқыт мұраларын жан-жақты насихаттау, жыр әлеміне жаңа, жас есімдерді шығаруға жол ашылады. Қорқыт ата күйлері мен аңыздарын келешек ұрпаққа дәріптеу мақсатында жалпы білім беретін мектептің оқу бағдарламасына факультативтік сабақ ретінде енгізу ұсынысы жасалмақ. Сондай-ақ, 2021 жылы Қызылорда облысында Қорқыт ата жылы ретінде атап өту жоспарда бар», - деді Қызылорда облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.
Жоба аясында ел ішіндегі жыр жауһарларын жинақтау бағытында Сыр өңірінде «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылды. Нәтижесінде, халық арасындағы құнды мәдени мұралар жинақталып, көшірмелері алынып, ел ішінде танылмай жүрген талантты өнерпаздардың орындауында жыр-термелер жазылып алынды.
Жоба бойынша есімі елге белгілі жыраулар аудандарда шеберлік дәрістерін өткізеді. Олардың қатарында Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Берік Саймағанбетов, Майра Сәрсенбаева, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов және Айдос Рахметов сынды өнер иелері бар.
Шарада Сыр елінің жыр өнеріндегі аға буын жыраулармен қатар жас буын өнерпаздар бас қосып өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы жыр мектептерінің жетекшілері ашық сабақ өткізді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 сәуір 2019 г. 613 0