Қарапайым заттар экономикасы: импортқа тәуелділікті азайтады

Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға тапсырма берген болатын. Осы мақсатта елімізде отандық кәсіпорындарды дамытуға мемлекет қазынасынан 600 млрд теңге қаржы бөлінді.

Жолдау жүктеген міндетке орай отандық өнім өндірушілерге қол­жетімді несие беру туралы Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданды. Аталған қаулы негізінде елімізде құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол карталары әзірленген. Бұл бағытқа бөлінген 600 млрд теңгенің 400 млрд-сы өңдеу өнеркәсібіне бағытталса, 200 млрд қаржы агроөнеркәсіп саласына бағытталған. Бағдарлама шеңберінде несиелер 365 тауарды, оның ішінде 118 азық-түлік өнімі мен халық тұтынатын 247 тауар өндіруге беріледі.

Атап айталық, елімізде бұл бағ­дар­ламаны жүзеге асыру арқылы 2025 жылға де­йін қарапайым зат­тар импортын 37 процентке азай­ту көзделіп отыр.

«Қарапайым заттар экономикасы» негізінен екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыты – кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несиелер бөлуге арналса, екінші бағыты өнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған. Жеңілдетілген несие беру мәселесіне келер болсақ, банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 процентпен несие береді, қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 проценті «Даму» қоры арқылы субсидияланады, ал агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 проценті ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда кәсіпкерлер несиені 8-5 процентпен өтейді.

Бағдарламаның екінші бағыты – құрылыс индустриясы, жиһаз, тамақ, жеңіл және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол карталарын жүзеге асыру.

«Қарапайым заттар экономика­сын» дамытуға арналған жол карта­сының аймақта жүзеге асырылу барысына келсек, облыстық ин­дустрия­лық-инновациялық даму бас­қармасының мәліметі бойынша өңірде белсенді жұмыс жасап тұрған 440 кәсіпорынның тізімі жасақталып, екінші деңгейлі банктерге жолданған. Сонымен қатар Үкімет қаулысындағы экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес келетін 46 жоба тізімі жасақталып, қаржы институттарына ұсынылған.

Жүргізілген талдау жұмыс­тарының нәтижесінде аталған қау­лыға облыста шығатын өнімдерге тиесілі кейбір экономикалық қыз­мет жіктеуіштері енгізілмегені анық­талды. Бұл мәселе жөнінде облыстық ин­дус­триялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеген еді. Аны­­ғын айтқанда, қаулыдағы эко­номи­калық қызмет түрлеріне сәйкес кел­меуіне байланысты «Арал­тұз» компаниясының жаңа жобасы жеңіл­детілген несиеден тыс қалған. Сонымен қатар, алдағы уақытта өңірде шыны өңдеу өнеркәсібі дамитынын ескеру қажет. Сала басшысы бұл ретте ауыл шаруашылығы, хи­мия, құрылыс, тамақ және өңдеу өнер­кәсібі салаларына қатысты барлығы 28 жобаның экономикалық қызмет түрлері бойынша қаулыға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар жолданғанын айтқан болатын.

Бағдарламаны жүзеге асыруда кәсіпкерлер палатасы жанынан  құрамына кәсіпкерлер палатасы,  облыстық ауыл шаруашылығы, кәсіп­керлік және туризм, индус­триялық-инновациялық даму басқармалары, «Даму» қоры және екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары енген жобалық кеңсе құрылды. Бүгінгі күнге дейін өңірлік жобалық кеңсеге 8,3 млрд теңгені құрайтын 90 жоба келіп түссе, оның 2-і мақұлданған. Мұнан бөлек 5 жоба банктің қарауында болса, 21 жобаның құжаттары жинақталып, 58 жоба бойынша келісімдер жүргізілуде.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бағдарламаны жүзеге асыру бойынша өткен мәжілісте «Бұл – халықтың қолын аузына жеткізетін бағдарлама» деген болатын.

Кәсіпкерлікті дамытуға жаңаша серпін берген бағдарлама отандық өнімнің нарықтағы үлесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 сәуір 2019 г. 743 0