« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Барлық өркениетті елдер даму стратегиясын айқындап жүйелеу кезінде жоғары білімнің сапасын бірінші орынға қояды. Өйткені жоғары білім – кәсіби машықтану алаңы. Елбасымыздың білім сапасын көтеру талабы бүкіл білім жүйесіне әсер ететін жоғары оқу орындарында қалай жүзеге асырылуда?
Салыстырмалы түрде алсақ, 1991 жылы 17 млн халқы бар Қазақстанда 55 ЖОО болса(оның екеуі ғана университет), ал қазір елімізде 128 ЖОО бар (оның 72-сі жекеменшік). Дамыған Европа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келетін болса, бізде 141 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келеді. Алайда біз жоғары оқу орнының саны жөнінде дүние жүзі бойынша алдыңғы орынға шыққанымызбен, сол беріліп жатқан білімнің сапасы сын көтермейді. Жоғары білім беретін көптеген оқу орындарындағы болып жатқан келеңсіздіктер мен білім сапасының төмен болуына не себеп?
Оның негізгі себептері мыналар. Біріншіден, коммерциялық ЖОО-ның көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айналып отырғаны шындық. Былтырғы жылдан бастап, Ұлттық тестілеуден 50 балдан төмен алған білім деңгейі төмен мыңдаған талапкерлер жыл бойы үш реттен тест тапсырып оқуын жалғастыра беретін болды. Бұл талапкерлер негізінен он бір жыл бойы мектепте нашар білім алғандар, олар ертең қандай мұғалім, дәрігер, инженер болмақ? Демек ЖОО-ның көпшілігі сапалы білімге емес, тек диплом беруге машықтанып алған.
Екіншіден, аймақтық деңгейдегі сұранысқа мән берілмей кадрлар дайындалып жатыр. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуі бойынша жұмыс беру нарығында қазіргі таңда небәрі 30 % жоғары білімді маман керек болса, қалған 70 % жұмыс орындарына орта-арнаулы коледждерді бітіргендер қажет екен. Көші-қон комитетінің мәліметіне сүйенсек соңғы жеті жылдың ішінде елімізге көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 6 млн еңбек мигранттары келіп, құрылыс, ауылшаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жұмыс жасап, осы бос орындарды толтырған.Біз жыл сайын мемлекет және ата-аналардың қаражатының есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған жоғары білімді мамандар даярлап, жұмыссыздар санын қолдан көбейтіп отырмыз. Жылына бітіріп жатқан осыншама жоғары білімді дипломы бар мамандар экономикамызға қажет пе? Бұл мәселені кім реттейді?
Үшіншіден, 2018 жылы жоғары білімге бөлінген қаржы ІЖӨ 0,35 % құраған, ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде (ОЭСР) бұл көрсеткіш 1,6 % құрайды. Мысалы, еліміздегі Ұлттық Университеттерде мемлекеттік грант есебінен білім алатын әрбір студентке жылына 635 800 теңге, ал басқа ЖОО-на 443 300 теңге бөлінеді. Ал бүгінгі қаралып отырған Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында оқитын әрбір студентке бюджеттенжылына 1 млн 690 мың қаржы береміз. Айырмашылық төрт есе. Сондықтан да отандық ЖОО-да жұмыс жасайтын оқытушы-профессорлардың айлығы өте төмен. Мысалы, ғылым докторы, профессор 130-150 мың, ғылым кандидаты, Ph.D доктор 80-100 мың теңге көлемінде ғана жалақы алады. Осындай жалақымен күн көріп отырған оқытушылардан сапалы білім сұрауға бола ма? Еліміздің ЖОО-да дамыған елдерге қарағанда ғалымдардың саны үш есе аз, материалдық-техникалық базалары талапқа сай келмейді. Білім беру бағдарламалары барынша жаттанды теорияландырылып жұмыс берушілер мен кәсіпкерлермен байланысынашар, орта мектеп, колледж, ЖОО деңгейлеріндегі сабақтастық әлсіз. Сондықтан да мектеп бітірген түлектер сапалы білім беретін шетелдік оқу орындарына кетіп жатыр. Соңғы үш жыл ішінде тек Шығыс Қазақстан облысынан 3 мың жас талапкер Ресейдің ЖОО түскен.
Төртіншіден, еліміздегі 128 ЖОО-ның 82-сі университет мәртебесіне ие екен. Ғылыми жұмыспен айналысатын фундаменталды классикалық формадағы университеттерден басқасын профильдік бағыттағы институт не академия статусына түсіру тетіктерін жасау қажет. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ұлттық университетпен Гумилев атындағы Евразиялық университеттерінде 40 мыңға жуық бакалаврлар білім алады. Негізі бұл екі оқу орны магистрлер мен Ph.D докторларды даярлайтын ірі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқу орындары болып, бакалавр мамандықтарын негізінен өңірлердегі оқу орындары дайындаулары керек.
ЖОО-дан кейінгі кәсіби оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес (2013 ж. 15 қаңтар) – Докторанттар контингенттерін қалыптастыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады деп белгіленген. Алайда бұл қабылданған ереже бұзылып, докторантурада еліміз бойынша ақылы негізде 1000-ға жуық азаматтар оқиды екен. Шынайы ғалымдарды қаржы төлеу арқылы жасай алмаймыз. Енді осылай кете берсек, он жылдан кейін билікте, бизнесте жүргендердің көбісі Ph.D доктор болып шыға келеді. Бұған тоқтам жасауымыз керек.
Білім және ғылым министрлігі – қасиетті орта. Бұл бүкіл жас ұрпақтың тағдыры айқындалып, шешілетін жер. Бір мәселенің басы анық – бүгінгі күні білім сапасы – тек бір министрліктің ғана міндеті емес, жалпы бұл ұлттық мәселе. Сондықтан да соңғы кездерде жетілмеген үздіксіз реформалардың жетегінде жүрген осы саланы дұрыстауға, құрметті Күләш Ноғатайқызы – сіздің тәжірибеңіз бен білімділігіңіз жетеді деп ойлаймын.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ҚР Парламенті
Сенатының депутаты.
25.ІV.2019ж.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |