Сырдың сырлы фотошежіресін жасаған белгілі фотокорреспондент Болат Омарәлиевтен сүйінші хабар жетті.
Табан аудармай жарты ғасыр бір жерде еңбек еткен, дамылсыз іссапарларда жүріп, аймақтың тарихи сәттерін таспаға түсірген ағамызды әріптестеріміз кейде "жұмбақ жан" дейді.
Сол ағамыз тағы бір мәрте байқау жүлдегері атаныпты. Қуанып қалдық. Бөкеңе мұндай байқаулар әсте таңсық емес! Өйткені, ол бұған дейін де талай-талай республикалық байқауларда өзгелерден озды. Тіпті кешегі кеңес дәуірінде одақтық байқаудың жүлдегері атанғаны бар.
Бұл жолы «Сыр бойы» газеті ардагерінің осыдан 44 жыл бұрын түсірген, еш жерде жарияланбаған суреті «Ауыл» Халықтық Демократиялық Патриоттық партиясы ұйымдастырған республикалық «Ауыл нақыштары» фотоконкурсының жүлдесін қанжығасына байлапты. Елордада аталған партияның төрағасы Ә.Бектаев жүлдені ардагер Б.Омарәлиев ағамыздың қызына табыс еткен. Қуанышты бөліссең, көбейеді. Бәріміздің мәртебемізді өсіреген сүйінші хабарды елге жеткізуге асықтық.
Айтпақшы, Бөкеңе қол қусырып қарап отыру мүлде жат. "Зейнеттемін" демейді. Бай архивін ақтарып, сирек суреттерін әлеуметтік желіде жарқырата жариялап отырады. Көненің көзіндей суреттерге қарап отырып, фотограф ағамның «Өй, түріңнен сол» дегенін сағынғанымды бағамдаймын.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
"Сыр бойы".
Фото Болат Омарәлиевтің жеке мұрағатынан алынды