Сырбойылық сатирик таңдаулылар қатарында

Алматыда «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің 2017-2018 жылдардағы нәтижесі аясында жарық көрген жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлады syrboyi.kz.

Жиын барысында «Қазіргі қазақ сатирасы», «Алашорда», «Қашқын» және «Өмірдің өзі» атты кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Атап өтетін жәйт, «Қазіргі қазақ сатирасы» кітабына енген үздік туындылар қатарында сырбойылық журналист, сатирик Нұрлан Көбегенұлының сатиралық шығармасы бар.

Нұрлан Көбегенұлының есімі аймақтың ақпарат кеңістігінде жақсы таныс. Журналистика саласында біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қаламгер – қазіргі күні республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы мен қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Филология ғылымдарының кандидады.

Одан бөлек, әріптесіміздің ақындық қыры бір төбе. Сөзіміздің айғағы, Алматыда өткен күйші-композитор Төлепберген Тоқжановтың шығармашылық кешінде ақынның сөзіне жазылған «Сүйем сені, Сыр елі», «Жанқожа батыр» әндері орындалды. Шығарманы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі сүйемелдеді.

Нұрлан Көбегенұлының қоғамдағы келеңсіз көріністерді әзілмен түйреп, сатира садағына ілген дүниелерін көпшілік сүйсініп оқиды. Бұл оның аталған жанрда қолтаңбасы қалыптасқанын білдірсе керек.

Осы орайда әріптесімізді кезекті жеңісімен құттықтай отырып, еңбегіне табыс тілейміз.

«Сб»-ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 сәуір 2019 г. 651 0