Биылғы 3 айда облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот өндірісіне 20 қылмыстық іс түскен. Биылғы жылы түскен істердің саны өткен жылғы есепті мерзімімен салыстырғанда 7 қылмыстық іске көбейіп отыр. Бұл туралы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанат Абдуллаев сот әділдігін жүзеге асыру жұмысы жайлы баспасөз конференциясында баяндады.
– Үкім шығару арқылы қаралған істер саны 21,4 процентке көбейген. Себебі былтыр 11 іс бойынша 18 адамға үкім шықса, биыл 14 іс бойынша 20 адамға үкім кесілген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатысты шығарылған үкімдердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 5 адамға көбейіп отыр. Әсіресе, биыл шартты түрде бас бостандығынан айыру, бас бостандығынан айыру жазалары қолданылғаны қынжылтады. Өйткені өткен жылғы есептік мерзімде мұндай жазалар болмаған, – деді Қ.Абдуллаев.
Сот төрағасының мәлімдеуінше, үш айда бала асырап алу 35,9 процентке, девиантты мінез-қылықты балаларға арналған мектеп интернатына жолдау 80 процентке көбейген. Оның себебі, бүгінгі күні ерлі-зайыптылар некелерінің жиі бұзылуы мен азаматтық некеге тұру қалыпты жағдайға айналғаны. Мамандар осыған орай, бала тағдыры мен тәрбиесіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Олар сабаққа бармай, ата-анасының айтқанына көнбей, қаңғыбастыққа салынып жүреді.
Айта кету керек, есепті мерзімде көп қаралған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлық-зомбылық, ұрлық, алаяқтық секілді қылмыстық істер болып отыр.